Жетісулық Гаухар Оразғалиева Париждегі халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алды.
Дүбірлі додада жерлесіміз ақын Рахым Жанаевтың «Құтты ұям» әнін орындап, жүзден жүйрік шықты. Франция төрінен мерейі үстем болып оралған жерлесіміз — облыстық «Жетісу медиа» баспасөз алаңына келіп, әсерімен бөлісті. Айтуынша, конкурс наурыз айында өткен. «Париж, мен сені сүйемін» деп аталатын сайысқа 30 мемлекеттен 400-ден аса балғын қатысқан. Жас өнерпаз бәсекелестері осал болмағанын айтады. Нәтижесінде, Гаухар Серікқызы жас болсада қазақ өнерін Еуропада паш етті.
Парижден жеңіспен оралған Гаухар: Париж өте керемет қала екен. Тап-таза. Ағаштары түрлі пішіндермен қиылған, бейберекет өсіп тұрған шөп көрмейсің. Ал байқауға келер болсақ, барымызды салып дайындалдым. Бақ шабама, бап шаба ма? демекші бағым жанып,жүлдемен оралдым. Ендігі арманым Бейжіңде өтетін байқаудан сүрінбей өту,-дейді.
Айта кетейік, Сарқан ауданының тумасы 3-ші қараша күні Қытай астанасы Бейжіңде өтетін халықаралық байқауға жолдама алған. Енді ол «Әнші болғым келеді» атты сайыста қазақ елінің намысын қорғамақ.