Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Аудандық ардагерлер ұйымының төралқа отырысына жуырда  «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Аслан Көбентаев, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Дастан Қалиев, аудандық мәслихат депутаты Жомарт Игіман және Сарқан қаласындағы бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары мен төрайымдары қатысып, арыстықтарға көрсетілетін қайырымдылық шаралары сарапталды. Аудандық ұйым төрағасы Қадыл Жанасбековтың ұсынысымен аудан тұрғындарына үндеу жолданып, барша қазақстандықтарды біріктіретін қайырымдылық іс-шарасына нақты көмек көрсетудің жолдары талқыланды. 

Аудандық ардагерлер ұйымының, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының, Жастар ресурстық орталығының аудан жұртшылығына үндеуі

Құрметті жерлестер! Арыстағы төтенше жағдайдан зардап шеккендердің ауыртпалығын бөлісіп, Арыс қаласын қалпына келтіруге үлес қосу адал ниетті барша адамзаттың парызы болып табылады. Табиғат құбылыстарынан, жұттан, апаттан  кез келгеніміздің осындай қиын жағдайға тап болуымыз мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды. Арыс қаласында орын алған жағдай тағы да барша қазақстандықтарды біріктірді. Біз, Сарқан ауданының ардагерлері және жастары  аудан әкімі Марат Разбековтың Арыс қаласындағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерді қолдауға және тұрғындарға көмек көрсетуге шақыруына үн қосып,  ойымызбен және жүрегі­мізбен зардап шеккендермен бірге боламыз.

Арыстағы жағдайды естігеннен кейін қол қусырып отырмай аудан әкімдігі, ауданның қоғамдық ұйымдары, еріктілер тобы, басқа да белсенді жастар Арыстағы аға­йын­дарға көмек  қолын созудың жолдарын іздестіруде. Аудан кәсіпкерлері де мүмкіндігінше қаржылай немесе заттай көмек көрсетуден қалыс қалмайды. 

Сондай-ақ көмек қолын созуға ниет та­ныт­қан азаматтар үшін, меценаттар, демеушілер және өңірдің қайырымды тұрғындары үшін Сарқан қалалық әкімдігінде ар­найы пункт ашылып, жұмыс істеп тұрғандығын хабарлаймыз. 

Біз барлық тұрғындарды, жастарды, еріктілерді апатқа ұшыраған адамдарға көмек көрсетуге шақырамыз. Біздің отандастарымызға қолдау қажет!

Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы  Қадыл Жанасбеков

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары    Аслан Көбентаев

Жастар ресурстық орталығының жетекшісі   Дастан Қалиев.

Мәліметпен бөлісу: