Ауыл–қазақтың қасиетті құт мекені, қайнар көзі, алтын бесігі. Киелі қазақ даласы ғасырлар бойы халықты асырады, өсіп–өнуіне мүмкіндік берді. Бүгінде өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, ауылдың алар орны əрдайым өзгеше, себебі ауылда туып–өскен əр адамға ауылы қашанда ыстық қой. Ұлттық санамыз ауылдан басталады, себебі кіндік қаның тамған жер сені Отаныңды сүюге үйретеді, яғни отбасы тəрбиесі содан бастау алады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауылдық жердің əлеуметтік ортасын жаңғырту мақсатын негізге ала отырып «Ауыл–Ел бесігі» жобасының басталғанын айтқан болатын. Ендеше Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған жоба аясында ауылдарды дамытуға бағытталған нақты іс туралы, яғни ауылымыздағы жасалған нақты іс туралы жазсам ба деп қолыма қалам алдым.
Осыдан біршама жылдар бұрын мектебіміздің жанындағы бұрынғы бос тұрған бір қабатты мектеп ғимаратының ішін кеңейтіп құран бағыштап, құдайы тамақ беретін шағын ғана қатымхана жасалынған болатын. Черниязов Көпей ағамыздың бастамасымен, ауыл тұрғындарының көмегімен жасалған осы бір жақсы бастамаға ризашылығымды білдіріп «Ауыл азаматтары ерледі» атты мақала жазған едім. Содан бері осы шағын ғана ғимаратымызда талай-талай құдайы тамақтар мен Ораза кезінде ауыз ашар тамақтары беріліп келе жатыр. Сол ғимаратымыз биыл күрделі демесем де өте жақсы жөндеуден өтті деп айтуға болады. Осы игі істің ұйтқысы бола білген ол әл-Фараби атындағы орта мектеп басшысы Сарсенбаева Бақытгүл Сламжановна. Өзі осы ауылдың тумасы болмаса да ауылдың, яғни осы ғимараттың ішінің жақсы əрі жылы болуына ниет білдіріп, осы бір жақсы істі қолға алып, оған жазғы демалыс кезінде мектеп ұжымының ер мұғалімдерін жұмылдырып ғимараттың ішін, төбесін тұтастай жөндеуден өткізді. Атап айтар болсам, ғимараттың керегелерін қырып, сылап, екі мəрте левкас жүргізіліп тегістелді. Эмульсия əгімен ағартылды. Ғимараттың төбесі декор панельмен қапталды. Ол декор панельді ауылымыздың тұрғыны, мектебіміздің түлегі Байғабатов Нұрболат өз қаржысымен менің көмегім болсын деп берген болатын. Ғимаратымыздың терезелері жаңа болсын деп өзімізден түлеп ұшқан шəкірттеріміз ағайынды Тажинов Бауыржан мен Бақытжан былтырғы жылы 6 пластик терезе сыйға тартқан болатын. Сол жаңа терезелер орнатылып, электр сымдары өңделді. Сондай-ақ, Серікбаевтар отбасы өз аттарынан 5 қап левкас беріп қол ұшын соза білді. Қаншама жыл суық болып тұрған ғимаратқа биыл жылу жүйесі тартылып қыс айында от жағылып тұратын болды.
Əрине, мұндай жөндеу оңайшылықпен келген жоқ, оған тікелей деп айтсам да болады, осы бір жақсы бастамаға мектеп ұжымы қолдау көрсетіп, қаржылай көмектерін бере білді. Осылайша мектеп ұжымы береке-бірліктің арқасында кейінгі ұрпаққа үлгі болатындай осы бір істен шет қалмады. Барынша еңбектенді, ауылының көркеюіне ат салысқан осы азаматтарымыз бен азаматшаларымызға мың алғыс айтамыз! Сірə, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтылмаса керек.
Р.Амиренова,
әл-Фараби атындағы орта мектептің ағылшын тілі пəні мұғалімі.