«Nur Otan» партиясының облыстық филиалының ХХVІІІ есеп беру-сайлау конференциясы өтіп, Жетісу жерінде атқарылған жұмыстардың нәтижесі таныстырылды. Конференцияға 24 делегат тікелей қатысса, онлайн қатысқан 243 делегаттың қатарында Сарқан ауданының делегациясы болды. Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ алдымен конференция жұмысының ашылуын ашық дауыс беру арқылы анықтап алған соң Қазақстан Республикасының Гимні ойнады.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – облыстық партия филиалы Саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстары туралы және алдағы кезеңге арналған міндеттер жайындағы «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталовтың баяндамасы тыңдалды. – 2019-2020 жылдар еліміздің тарихында саяси оқиғаларға толы болды. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының жұмысы, облыстың даму бағыттары Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» – жаңғыру бағдарламасы аясында және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасына сәйкес жүргізіліп, әр салада үлкен жетістіктерге қол жеткіздік, – деген Амандық Ғаббасұлы жетістік пен табысты жіліктеп таныстырып өтті.– Біздің бастауыш партия ұйымдары мен партия филиалдары өткізген үлкен сайлау науқандарында жоғары белсенділік көрсетіп, сайлауалды штабтар жоғары деңгейде жұмыс жүргізді. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президенттігіне кезектен тыс сайлауда «Nur Otan» партиясы 70% дауыс жинап, жеңіске жетті. Осы жылғы сайлауда тұңғыш рет партияішілік Праймериз өтті. Сайлау қорытындысы бойынша «Nur Otan» партиясы 72,4% дауыс жинап, ҚР Парламенті Мәжілісіне Алматы облысынан 4 депутат сайланды. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 360 мандатынан «Nur Otan» партиясының 304 депутаты ие болды. Бүгінгі күні барлық деңгейдегі мәслихаттардағы «Nur Otan» партиясы фракциясы мен оның мүшелерінің қызметін бағалау рейтингі бекітілді. Алдағы уақытта осы рейтингтен жоғарыдан көрінесіздер деген сенімдемін.
Баяндамашы бұдан әрі Жетісу жеріндегі жетістіктерге жан-жақты тоқталды. Сөзінің соңында «Nur Otan» партиясы көтерген бастамалардың өзекті екендігіне тоқталған Амандық Баталов алда ұзақмерзімді міндеттер тұрғанын, ол үшін аянбай еңбек етуіміз қажеттігін атап өтті.
Баяндаманы талқылауға шыққан облыстық мәслихат депутаттары Асқар Сүлейменов пен Римма Салықова, Президенттік шәкіртақы иегері, «Көшбасшы – 2020» жастар сыйлығының лауреаты Мадина Тұрдаш кезекпен сөз сөйлеп, «қанағаттанарлық» деген баға берді. Онлайн форматтағы конференцияда Бақылау-тексеру комиссиясы төрағасы Валерий Сапожниковтың есебі тыңдалып, облыстық Саяси кеңестің жаңа құрамын облыстық партия филиалының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаева таныстырды.
Амангелді ОМАРОВ,
аудандық мәслихаттың депутаты.