Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім өткен жылғы жастарды кезекті әскери қызметке шақырудың қорытындыларын шығарып биыл осы бағытта атқарылатын міндеттермен бөлісті. Есепті жиынға аудан әкімінің орынбасары – шақыру комиссиясының төрағасы Арман Мұқанов, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция майоры Мұрат Қалиасқаров, ауылдық округ әкімдері және т.б. мүдделі тараптар қатысты.
Негізгі баяндаманы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы, подполковник Талғат Әлсейітов жасап, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру жұмыстарының қорытындыларымен жиналғандарды жан-жақты таныстырды. Талғат Амантайұлы алдыға қойылған міндеттердің біршама деңгейде орындалғандығын, дейтұрғанмен кемшіліктердің де орын алғандығын тілге тиек етті. Атап айтқанда шақырудан жалтарғандар, әскери есептен шықпай, тұрғылықты мекен-жайын ауыстырғандар осынау бағыттағы шаруалардың ойдағыдай орындалуына кері әсер еткен. Сондай-ақ Бақалы, Қойлық, Черкасск ауылдық округтері әскерге шақыру жұмыстарына салғырт қараған. Аталған кемшіліктерді болдырмау үшін қатысушылар оз ойларын білдіріп, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Ол үшін Отан алдындағы азаматтық борышына жүрдім-бардым қарайтындарды түгендеу мақсатында арнайы топ құрылып, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім, полиция бөлімі және ауылдық округ әкімшілігі тарапынан іздестіру жұмыстарын жүргізу арқылы тиісті жауапкершілікке тарту шаралары түзілді. Жиын төрағасы Арман Тұрсынұлы кемшілікке кеңшілік жасағандардың уәждерін тыңдап, келесі науқанды табысты атқару үшін тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Өз тілшіміз.