Облыс әкімінің орынбасары Серікжан БЕСКЕМПІРОВ жұмыс сапарымен Ақсу ауданына келді. Мұндағы мақсат – аталған өңірдегі Ақсу қант зауытында жүріп жатқан жұмыстарды көріп, бірқатар шаруа қожалықтары өсірген қант қызылшасы алқаптарын аралап қайту.
Серікжан Іслямұлы бастаған топ алдымен Ақсу қант зауытына ат басын бұрды. Бұл жердің бүгінгі тыныс-тіршілігіне қарап көңіл марқаяды. Қазіргі кезде зауыттың тіршілік тамырына қайта қан жүгіріп, жұмыс қыза түскен. Маңы абаттандырылып, жарықтандырылған. Тіпті, түрлі түсті гүлдерге дейін өсіріліп, ағаштар отырғызылған. Сыртқы көрінісі мен ішкі әрленуі де көз тартады. Зауытқа кіре берістегі жаяу жүргінші жолдарына тас төселіп, ретке келтіріліпті.
Байқағанымыздай, ағымдағы жөндеу жұмыстары әлі жалғасуда. Жұмысшылардың бірі ескірген, бірақ әлі де іске жарамды құрал-жабдықтарды дәнекерлеумен айналысып жатса, енді бірі басқа да жұмыстарды атқарып жатыр. Жалпы, мұндағы құрылғылардың біразы жаңаланып, қалпына келтіріліпті. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпорын еңбеккерлері күзгі науқанға, яғни, қант қызылшасын қабылдауға дайындықты күшейте түскен.
Облыс әкімінің орынбасары зауытты толық аралап, мамандардың пікіріне құлақ асты. Бұл жерде жүріп жатқан жұмыстармен кәсіпорынның бас инженері Владимир Ящков таныстырды. Айтуынша, жөндеу істері қыркүйек айына дейін аяқталады деп көзделіп отыр. Тәтті түбірден алынған өнім көлемі де аз емес. Алдағы уақытта тағы өспек.
Қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталған соң қызылшадан алынатын өнім көлемі одан әрі артатын болады. Бүгінде осы бағыттағы жұмыс қызу.
Серікжан Іслямұлы бұдан соң Көкөзек ауылында қызылша өсіріп отырған «Аюханов» шаруа қожалығының егістік алқабына табан тіреді. Аталған қожалықтың басшысы Асқар Тінәлиев шаруашылық 2017 жылы құрылғанын айтты. «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы сервистік дайындау орталығы құрылған. Нәтижесінде ауылшаруашылығы жұмыстарын жүргізетін техникадан мұқтаждық көріп отырған жоқ. Яғни, техника толық жетеді. Мұнда барлығы 260 гектар жерге тәтті түбір егілген. Әр гектардан алынатын өнім көлемі де берекелі болмақ.
Үкімет тарапынан жасалып жатқан көмектер де аз емес. Сапалы тұқым мен минералды тыңайтқыштар және пестицидтердің арқасында алқапта жайқала өскен қант қызылшасының барынша бапталып өсірілгені бірден аңғарылады.
Жаңа технологиялардың нәтижесінде қол еңбегін қажет етпей-ақ қант қызылшасының өнімділігі артып келеді. Алдағы уақытта қызылша егістігінің алқабын 500 гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Барлығы жиырма шақты адам жұмыспен қамтылған. Бәрі жергілікті тұрғындар. Облыс әкімінің орынбасары Барлыбек Сырттанов ауылдық округіне қарасты «Алихан» шаруа қожалығы мен «Ақсу қант» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқаптарында да болды. Шаруашылық иелері дәл қазіргі сәтте су мәселесінің өзекті болып тұрғанын назарға салды.
Осы тұрғыда су саласына жауапты мамандар бұған су жүретін арналардың талай жыл жөндеу көрмей, әбден тозғандығының себеп болып отырғанын алға тартты. Арналардың тарылуы да судың қалыпты жүруіне кері әсерін тигізуде. Сондықтан, бұл мәселенің оң шешімін табуы үшін қазір тиісті іс-шаралар қолға алынып, жұмыстар жүріп жатқан көрінеді. Осыған байланысты Серікжан Іслямұлы сол жерде мамандарға нақты тапсырмалар берді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА