Өткен жұмада ауыл шаруашылық қызметкерлері мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінің жанында ауқымды ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі болып өтті. Жәрмеңкені аудан әкімі Марат Разбеков арнайы аралап көріп, тұрғындар күнделікті тұтынатын өнімдердің бағасына айрықша мән берді.
Он үш ауылдық округтен келген ауыл еңбеккерлері ет, сүт өнімдерінің, жеміс-жидектердің, көкөністердің, балық түрлерінің, жұмыртқа, бал қатарлы берекелі күздің тартуларын сөрелерге молынан қойды. Келушілер назарын әсіресе Қарабөгет ауылдық округінен келген Гүлзира Кеңесбайқызының қазақи қолөнер туындылары аударды. ҚХР Алтай аймағынан қоныс аударған қандасымыздың әсіресе асықтармен өрілген киіз үйі өз көрермендерінің лайықты бағасын алды.
Жәрмеңке барысында тұтынушылар қаз-қатар орналасқан шатырларды аралап, өзіміздің өңірімізде өндірілетін таза әрі табиғи сан түрлі ауылшаруашылық өнімдерін кеңінен сатып алды.
Өз тілшіміз.