Жаңа кезең – соны серпілістер уақыты

Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына өзінің алғашқы Жолдауын ұсынды. Сөзсіз «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты құжат егемен еліміздің болашақ даму жолын нақты айқындауымен құнды. Ол үшін Президентіміз алда тұрған ауқымды бағдарламалық міндеттерді барынша сапалы атқарып, нәтижелі жұмысқа қол жеткізуді үкіметке қатаң тапсырды. Тиісті тұлғаларға дербес жауапкершіліктер жүктеп, басым бағыттарды белгілеген  жолдау еліміздің әр өңірінде қызу талқыланып жатыр.

Жақында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін атқарушы Ғ.Маманбаевтың төрағалығымен өрлеуіміздің өзегіне айналған аталмыш жолдауды көп талқысына салу мақсатында аудан активімен жиын өтті. Ауқымды жиынға аудандық мәслихаттың депутаттары, ауылдық округ әкiмдерi, құқық қорғау органдарының, аудандық мекеме-бөлiм басшылары, бизнес, қоғамдық ұйымдар, жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi қатысты. Келелі кеңестің негізгі баяндамасын аудан басшысының міндетін атқарушы Ғ.Маманбаев жасап, алдағы тұрған ауқымды міндеттерді кеңінен тарқатты. Ғалымжан Қанатұлы өз сөзінде жолдау жүктейтін нақты міндеттерді саралап, алда кезек күттірмейтін шараларды тілге тиек етті. Нақты айтқанда Мемлекет басшысы қадап-қадап айтқан заман талабына сай тиімді мемлекет, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі және қуатты өңірлер-қуатты ел атты жолдаудың негізгі діңін құрайтын бөлімдердегі өзекті мәселелерді өңірімізде сапалы әрі жүйелі жүзеге асырудың маңыздылығына айрықша тоқталған баяндамашы осы мақсатта бірқатар сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар, Жолдауда айтылған оң өзгерістерді талқылауға ортаға Н.Островский атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі С.Смағұл, аудандық орталық кітапхана әдіскері А.Сейполдина және жастардың атынан «Парыз» Сарқан ауданының еріктілер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі А.Смағұл  шығып, әрбір қарапайым тұрғын сезінуі тиіс Жолдау жақсылығына өз үндерін қосты.

Мемлекет басшысы   Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауды «Халқымызды толғандыратын барлық мәселелер бізге белгілі. Осыған орай, ахуалды жақсарту үшін іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр.  Бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын. Қазақстан – ортақ шаңырағымыз! Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын!» деп түйіндеген болатын. Қазақ қоғамы көптен күткен жаңа кезең оң өзгерістерге бастарына зор сеніммен қарай отырып, осынау ел игілігі жолындағы жұмысқа баршамыз жұмылуымыз тиіс!

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: