
Ағымдағы жылдың 15 наурызы күні бүкілхалықтық референдум негізінде қабылданған жаңа Конституция – еліміздің құқықтық жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған маңызды құжат. Ол қоғамның сұранысына сай мемлекеттік басқаруды жаңғыртып, заң үстемдігін нығайтуға және әділетті қоғам құруға берік негіз қалайды.
Сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдардан келіп түскен 12 мыңға жуық ұсыныстар қарастырылып, жобасы алты ай бойы қоғам талқысынан өткен Ата заңда адам құқықтары мен заң алдындағы теңдік басты құндылық ретінде айқындалған. Бұл әрбір азаматтың құқықтарының қорғалуына, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімнің артуына және ашық әрі тиімді мемлекеттік басқару жүйесінің қалыптасуына ықпал етеді.
Жаңа Конституцияның басты мақсаты – елдің тұрақты дамуына жағдай жасап, демократиялық қағидаттарды одан әрі дамыту. Конституциялық өзгерістер мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттырып, азаматтардың ел өміріне белсенді қатысуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сондай-ақ жаңа Конституция тек мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруді көздемейді. Оның өзегі, алтын арқауы — адам. Ата заңның ең үлкен бөлімі алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтарына арналуы осы сөзімізге жарқын мысал.
Конституция – тек заңдар жиынтығы ғана емес, ол әрбір азаматтың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын, елдің болашағына бағыт-бағдар беретін басты құжат. Сондықтан Ата заңды құрметтеу, заң талаптарын сақтау және құқықтық мәдениетті қалыптастыру – әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Әділетті қоғамның іргетасы – заңның үстемдігі мен азаматтардың өзара жауапкершілігі мен құқықтарын қорғаудан бастау алады. Жаңа Конституция осы құндылықтарды нығайтып, Қазақстанның тұрақты дамуы мен жарқын болашағына қызмет етеді деген сеніміміз зор.
Кенжехан ИМАНМОЛДИН,
Ішкі істер органдарының ардагері.
