Жаңа мектеп пайдалануға берілді

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 230-дан аса тұрғыны бар, жыл сайын оқушылар саны артып келе жатқан Кәкімжан Қазыбаев ауылында 50 орынды мектеп пайдалануға берілді.

 Өткен жылы ауыл азаматтары бас қосқан кезекті бір жиында көпшілік бір ауыздан мектеп салуға шемім қабылдап, ортақ қор құрған болатын. Себебі 1975 жылы салынған бұрынғы мектеп ғимаратының тозығы жеткендігі көрген жанның көңіліне кірбің түсіретін. Жылдан-жылға еңсесі түскен ескі үйдегі оқу орнының заман талабына сай жабдықталмауы көзге ұрып тұратын. Бастамашыл топтың айтылған сөздері жерде қалмай 2020 жылдың жаз айларында болашақ мектептің қазығы қағылып, ірге тасы көтерілген-ді.

Жаңа мектепте 4 оқу кабинеті, үлкен зал және мұғалімдер кабинеті қарастырылған. Сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 7 бейнебақылау орнатылған. Бүгінгі таңда білім ошағында 15 оқушы білім алуда. Ал, 5-ші сыныптан жоғары оқитын оқушылар Бақалы ауылына тасымалданып, орта мектептен дәріс алады.

Жиында аудан басшысы Талғат Қанатұлы ұлық мерекемен ауыл тұрғындарын құттықтап, салтанатты түрде мектептің лентасын қиып, қонақтармен бірге барлық кабинеттерді аралап, ауылмен бірге қуаныштың куәсі болды.

-Ауыл азаматтары мектеп салып береміз дегенде, былайша қысқа уақыт ішінде қолданысқа беріледі деп күткен жоқпыз. Енді жаңадан салынған мектебіміз жылы, жарық, барлық құрал-жабдықтармен қамтылған. Қуаныштымызда шек жоқ. Біздің міндет-оқушыларға сапалы білім, тәлімді тәрбие беру үшін жұмыс істеу. Осы орайда жаңа мектепті салуға атсалысқан барлық ауыл тұрығындарына, жалпы жомарт жандарға алғысымыз шексіз, – дейді мектеп меңгерушісі Қарлығаш Садыбаева.

        -Бұл ауыл мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың туған жері,-деді қуанышты сәтті бізбен телефон арқылы бөліскен Кәкімжан ағаның зайыбы, Қазақстан Білім беру ісінің үздігі Орынша Қарабалина.-Алматыдан келе алмасам да ауылдастарымның қуанышын бөлісіп, мектеп кітапханасын толықтыруға үлес қосатын боламыз. Білім негізі шын мәнінде бастауышта қаланады. Осы тұрғыдан алғанда бұл мектеп талапты жастардың көкейіне сапалы білім нәрін құярына нық сенімдіміз.

Болашақта мектеп ауласы қоршалып, абаттандырылып, шағын спорттық алаң және балаларға арналған ойын алаңқайын салу жоспарлануда.

Ж. МАҚАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: