Міне, Қазақстан Республикасының жаңа қылмыстық және қылмыстық-процесстік Кодекстерінің қолданысқа енгеніне 2 жылдан астам уақыт өтті.
Осы қабылданған Қылмыстық-процестік кодекстің (бұдан әрі –ҚПК) жаңалықтарының бірі-процестік келісім екендігі белгілі. Алайда, қазіргі таңда Кодекстің осы бөлігі біраз жанға мәлімсіз болып қалуда, себебі Сарқан ауданы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылудағылардың көбісі, осы процесстік келісімнің тиімділігін білмегендіктен қолданбайды. ҚПК-тің 7 бабының 37-тармағына сәйкес процестік келісім – қылмыстық процестің кез келген сатысында прокурор мен күдікті, айыпталушы немесе сотталушы немесе сотталған адам арасында осы Кодексте көзделген тәртіппен және негіздер бойынша жасалатын келісім.
Процестік келісім тәртібі ҚПК-нің 13 тарауында қарастырылған. Атап айтқанда, процестік келісім екі түрде жасалуы мүмкін. Яғни, кінәні мойындау және ынтымақтастық туралы келісім. Ынтымақтастық туралы келісімге тоқталатын болсақ, бұл келісім -қылмыстық топ жасаған қылмыстарды, өзге де адамдар жасаған аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстарды ашуға және тергеп-тексеруге мүмкіндік туғызатын санаттар бойынша жасалады.
ҚР ҚПК-нің 618-бабына сәйкес, күдіктінің, айыпталушының, сотталушының және сотталған адамның қылмыстық процесті жүргізетін органға немесе прокурорға осы Кодекстің 612-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағына және 619-бабына сәйкес ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхатпен жүгінуге құқығы бар.
Жоғарыда аталған адамдарға осындай процестік келісімді тиісінше облыстың прокуроры немесе оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары, ал сотталған адаммен – Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры не оның орынбасары бекітеді. Аталған келісім жасасу туралы өтінішхат сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап және үкімді орындау сатысын қоса алғанға дейін мәлімделуі мүмкін. Өндірісінде қылмыстық іс жатқан тергеуші, анықтаушы, жазаны орындайтын мекеменің немесе органның басшысы ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхатты алған кезде оны бір тәулік ішінде, ал, сотталушының ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхатын сот ол келіп түскен кезден бастап үш тәулік ішінде прокурорға жібереді.
Егер ынтымақтастық туралы процестік келісімнің нысанасына қатысты қылмыстарға жүргізілген тергеп-тексерудің нәтижелері бойынша күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның ықпал етуімен аса ауыр қылмыстар, қылмыстық топ құрамында қылмыстар, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстар жасаған адамдар әшкереленсе және кінәлі адамдарға қатысты айыптау үкімі шығарылса, онда прокурор ынтымақтастық туралы процестік келісімнің талаптарын орындауға шаралар қолданады.
Прокурор ынтымақтастық туралы келісім жасасқан және оның шарттарын орындаған сотталған адамға қатысты осы Кодекстің 476 – 478-баптарына сәйкес өтінішхатпен сотқа жүгінеді.
Сонымен қатар, аталған Қылмыстық-процестік кодексте тағы бір жаңа институт –процесс прокурорымен толықтырылды. Процесс прокуроры осыған дейін қолданыста болған Қылмыстық іс жүргізу кодексінде болған емес.
Процесс прокуроры – бұл да жеке тұлғаның құқығын толыққанды қорғау мақсатын көздейтін шара. Процесс прокуроры құқық қорғау органдарының жауап алу және тергеу бөлімдерінің бастықтарымен қатар қылмыстық істі тергеудің заңдылығы мен тегеурінділігін, сонымен қатар қылмыстық және қылмыстық-процестік кодекс өлшемдерінің сот талқылауында мемлекеттік айыптаушы ретінде дұрыс қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында тартылып отыр. Прокуратура басшысы нақты қылмыстық iс бойынша ҚР ҚПК-нің 193 бабына сәйкес қадағалауды жүзеге асыратын прокурорды (процесс прокуроры) айқындауға құқылы.
Қылмыстық-процестік кодексіне енгізілген жаңа ұғымдарды халықтың білуі өте маңызды.
С.Кенесов,
Сарқан аудандық прокуратурасының аға прокуроры.