Жаңа қызмет зор жауапкершілік жүктейді

 Баршамызға белгілі, өткен жұмада елімізде алғаш рет «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңына сәйкес сайлау өтіп, ауылдық округ әкімдерін халықтың өзі тікелей сайлаған болатын. Аталмыш саяси науқанда Жетісу өңірі бойынша 71 ауылдық округтің әкімдері, оның ішінде ауданымыздағы 3 ауылдық округтің әкімі жаңадан сайланды.

Сайлау қорытындысына сәйкес облысымызда сайланған екі әйел әкімнің бірі Шырынгүл Батайқызы сайлаушылардың 72% дауысын жинап, Аманбөктер ауылдық округінің әкімі атанса, екіашалықтардың 92% дауысына ие болған Дәулет Әділжанұлы аталған округ әкімі болып тағайындалды. Ал Бақалы ауылдық округінің әкімі болып Әсет Қанапиянов сайланды. Сайлауға түскен Әсет Таңатарұлы сайлаушылардың 88% дауысын жинаған болатын.

Осыған орай, апта басында аудан әкімі Талғат Қайнарбеков ауылдық округ­терге арнайы барып, сайланған жаңа ауыл басшыларын жеңістерімен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі. «Ауыл тұрғындары өз дауыстарын сіздерге беріп, зор сенімдерін артып отыр. Енді жаңа қызметте жинақтаған тәжірибелеріңізді, күш- жігеріңізді аянбай ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосады деген сенімдемін»,- деді өңір басшысы жаңа әкімдерге жауапкершілік жүктеп.

Сапар барысында аудан басшысы аталмыш елді мекендерді ұзақ жыл басқарған Мейрамхан Кесікбаев, Мұратбек Естеуов және Арын Күрішбаевқа ауданымызға сіңірген зор еңбектерін бағалай отырып, «Құрмет грамотасын» табыстап, сый-сияпат көрсетті. Салтанатқа жиналған ауыл ақсақалдары су жаңа әкімдерге ақ баталарын беріп, жұмыстарына ақ жол тілесе, тұрғындар аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтереді деген өз сенімдерін білдіріп жатты.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мәліметпен бөлісу: