Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс заңды күшіне енеді. Осыған орай жер-жерде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жуырда аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында аудан әкімінің аппарат басшысы Бауыржан Абибековтың төрағалығымен жаңашылдық әкелетін заңды арқау еткен семинар-кеңес болып өтті. Жиынға Алматы облысы әкімінің мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің басшысы Әлия Қалманбетова, аталмыш бөлімнің бас маманы Ержан Сабитов, облыстық «Ақпараттық технологиялар» орталығының бөлім басшысы Амангелді Қабиденов және Ақсу, Алакөл, Сарқан аудандарының мекеме-бөлім басшылары, мамандары қатысты.
Мемлекеттік қызметтер көрсету және ақпараттық технологияларды қолдану бағыттары бойынша мемлекеттік органдардың қызметінің тиімділігін бағалау аясындағы жиында алғашқы сөз алған Алматы облысы әкімінің мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің басшысы Әлия Зейнеғабылқызы облысымыздың мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы жалпы жай-күйі турасында айта келе 1 шілдеден бастап орын алатын өзгерістерге кеңінен тоқталды. Облыс өкілінің сөзінше жаңашылдық мемлекеттік органдар мен қарапайым азаматтар арасындағы қарым-қатынасты жаңа сатыға көтермек. Жаңа кодекске сай ендігі жерде әр түрлі келіспеушіліктер мен жанжалдарды реттеуде мемлекеттік мекемелердің жауапкершілігі күшейе түспек. Мемлекеттік қызмет көрсетуде жеке тұлғалардан түскен өтінішті негізсіз кері қайтару, қабылдамау қызмет көрсетушіге көлемді айыппұл салынуға әкелетіндігі де айтылды.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан сандаған сауалдар қойылып, тиісті жауаптар алынды. Күнделікті қызмет барысында кездесетін түйткілді түйіндер де ортаға салынды. Кез келген заң жоғары жақта қабылданғанмен онымен жұмысты аудандағы, ауылдағы қарапайым мамандар жүргізетіндігі белгілі. Сәйкесінше заңның шикі тұстарын да жергілікті қызметкерлер бірінші болып сезінетіндігі сөзсіз. Мемлекеттік қызмет көрсету саласын реттейтін заң нормаларында да кемшін тұстар жетерлік. Сондықтан орынды ұсыныс-тілектер қолданыстағы заң нормаларын одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді. Кеңесте осындай ұғынықты ұсыныстар айтылып, тиімді тұстары тиісті орындарға жіберілетін болып шешілді.
П.Жеңісхан.