Ел өміріндегі маңызды саяси үдерістердің бірі ағымдағы жылдың 23 тамыз күні өтетін сайлау негізінде – жаңа құрамдағы Құрылтайды қалыптастыру. Құрылтай – халықтың көкейіндегі мәселелерді көтеріп, ел дамуының басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Жаңадан сайланатын Құрылтай құрамынан елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерге нақты назар аударуды күтеміз. Әсіресе ауылдық жерлердің тыныс-тіршілігі, халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыспен қамту, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жетілдіру, инфрақұрылымды дамыту сияқты мәселелер ел азаматтары үшін қашанда маңызды.
Құрылтай мүшелері халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тиісті деңгейде жеткізе білуі қажет. Халықтың мұң-мұқтажын естіп қана қоймай, оның шешілуіне ықпал ету – үлкен жауапкершілік.
Жаңа Құрылтайдан ашықтықты, әділдікті, ел мүддесіне адал қызмет етуді күтеміз. Әрбір қабылданған шешімнің түпкі мақсаты халықтың тұрмысын жақсартуға, қоғамның тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуға бағытталса деген тілегіміз бар.
Құрылтай депутаттары ел сенімін ақтап, мемлекет дамуына өз үлесін қосады деген үміттеміз. Себебі ел болашағы – ортақ жауапкершілік. Ал халықтың үні естілетін, нақты мәселелер шешімін табатын Құрылтай – қоғам дамуының маңызды тетігі болмақ.
Жаңадан сайланатын Құрылтайдан күтеріміз көп. Ең бастысы – ел мүддесі, халықтың әл-ауқаты және жарқын болашақ жолындағы нақты істер.
Кәукер Колубекова,
Сарқан ауданының Құрметті азаматы.
