Жаңару жолымен

Қазіргі таңда Қазақстанның мектептік білім беруі жаңа бастау алу сатысында. Қазіргі уақытта инфрақұрылымдық дамыту мен жаңартылған мазмұнға көшу басты басымдықтар болып тұр. 2017-2018 оқу жылында 2,5,7-сыныптар жаңартылған білім мазмұнына көшті. Жаһандық өзгерістер мен әлемдік трендтер мектептегі білім беру мазмұнының жылдам қарқында жаңаруын талап етеді. 2018-2019 оқу жылында жаңартылған білім мазмұнына 3,6,8,10-сыныптар көшеді. 2019-2020 оқу жылында – 4,9,11- сыныптар.

Білім беру мазмұнын жаңарту аясында критериалды бағалау жүйесіне көшу қарастырылған. 2017-2018 оқу жылында жаңа бағалау жүйесіне 1,5,7- сыныптар көшеді. 2- сыныптарда критериалды бағалау жүйесін енгізу жалғасатын болады, негізгі мақсаты сапалы бағалау мен тұлғаны дамытуды қамтамасыз етуге мұмкіндік беретін, қоршаған әлеммен тиімді өзара әрекет етуге, өздігінен білім алуға және дамуға дайын, алдын  ала белгілі және нақты критерийлер бойынша обьективті бағалау болып табылады.

Жаңа бағалау жүйесі білім алушыда өз әрекетін бақылау мен бағалау, туындаған қиындықтардың себептерін анықтау мен қалпына келтіру қабілетін қалыптастыруға мүмкіндік береді..

2017-2018 оқу жылындағы тағы бір жаңалық – ол 5 күндік оқу жүйесі. Алматы облыстық білім басқармасының №42-42, 1910 хатына сәйкес 1-11 сыныптарға ҚР БжҒ министрлігінің 5 күндік оқу жүйесі кіріктірілсін, сабақ ұзақтығы 45 минуттан 40 минутқа ауыстырылсын, осы өзгерістер бойынша ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілсін деген хаты түсті. Бұл дегеніміз барлық 1-11 сыныптар 5 күндік оқу жүйесіне көшіріледі деген сөз.

Өздеріңіз білетіндей 2016-2017 оқу жылында мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау және ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру форматы өзгерді. Мектеп бітірушілер жоғары оқу орнына түсу үшін міндетті үш пәннің қатарында «Математикалық сауаттылық», «Оқу сауаттылығынан» емтихан тапсырды.

Мектебімізді 2016-2017 оқу жылында 9 оқушы аяқтады. Олардың 7-і ҰБТ қатысып, барлығы шектік деңгейден өтті. Аудан бойынша білім сапасы 71% болса, біздің мектептің білім көрсеткіші аудан көрсеткішінен 3,4 пайызға жоғары болып 73,4% тұрақтады. Барлық ҰБТ қатысқан аудан мектептерінің ішінен ондыққа еніп, 7 орынға көтерілдік. Соның нәтижесінде Нұрғасымова Мадина Балғабекқызы Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы педагогикалық университетінің грант иегері атанса, Кусаинов Раймбек Саматұлы құрлық әскерлерінің әскери институтының грант иегері атанып мектебіміздің мерейін асқақтатты. Осы орайда оқушыларымызды жыл бойында ҰБТ дайындаған Жұмагельдинова Орынгүл Әбітайқызын,  Сыдыканова Бегзат Бармақбайқызын, Жөкеева Сания Сембекқызын, Тұяқбаева Меруерт Егінбекқызын, Шоржанов Ербол Жеңісұлының еңбектерін ерекше атап өткім келеді.

Сонымен қатар ҰБТ тестілеуге қатысып жоғары балл жинаған 3 оқушымызға қаржылай демеушілік көрсеткен ауылымыздың азаматы Жамантаев Бекен Мирамғалиұлына ерекше алғыс білдіремін.

Биылғы 2017-2018 оқу жылында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы қоғамды рухани жаңғырудың ауқымды идеялары мен тұжырымдамалық тәсілдерді терең зерделеу және білім алушылар арасында таратуды ұйымдастыру болып табылады деген. Елбасы: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», — деп атап көрсетті.

Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.

Роза СӘРСЕМБАЕВА,

Тасарық орта мектебінің директоры.

 

Мәліметпен бөлісу: