Аудандық мәдениет үйінде жерлестері Сарқан ауданының Құрметті азаматы Попова Зоя Ивановнаны еске алды.
Ол кісі тірі болса биыл 85 жасқа толар еді. Осыдан екі жыл бұрын тірлік сапары шектелген жан сарайы кең, жүрегі таза Зоя Ивановна туралы еске алу кешінде тебіреніп, толқып сөйлегендер аз болған жоқ. Алдымен жезтаңдай әнші Гүлжан Қисабекова Зоя Ивановнаның жақсы көретін «Земля моя», «Я назову планету именем твоим» әнімен тағылымды іс-шараны ашты да, аудандық әжелер алқасының төрайымы Шолпан Асқарғалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Петр Меркель естеліктерімен бөлісті.
Ұзақ жылдар Сарқан мәдени-ағарту училищесінің коменданты болып қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан соң аудандық ардагерлер кеңесінің құрамында тәлім-тәрбие жұмыс-тарымен айналысқан Зоя Ивановна қазақтың салт-дәстүрін, қазақтың өнерін жан-тәнімен сүйіп, өзі де өнерлі ұжымның бел ортасында жүрген болатын. Осыған орай еске алу кешінде «Айкүміс» бишілер тобы мың бұрала өнер көрсетіп, колледждің оқытушылары Бақытгүл Искакова қобызбен, Бұлғын Байлау қазақтың қара домбырасымен классикалық туындылар ойнап, көрермендер назарын аударды. Сондай-ақ аудандық балалар шығармашылық үйінің ұстазы Зүлхабира Атабаева, гуманитарлық колледждің ұстаздары Максим мен Светлана Гылконың орындауындағы әндер кеш ажарын аша түсті.
Еске алу шарасын қоры-тындылаған аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков анаға деген, өнерге деген құрмет танытқан Сарқан гуманитарлық колледжінің ұжымына алғысын ақтарды.
Ж. Мақатұлы.