Жақсылыққа жаршы болған Наурызым

Төрт түліктің аузын көкке, пенде ернін аққа жеткізген науан наурызды көпшілік қашанда асыға тосады. Жер дүниеге жан бітіріп, науат қардың көбесін сөгіп, жаймашуақ жайдары мезгілді қазақ халқы берекенің, молшылықтың қайнар бұлағы деп ерекше әспеттеп, қадірлеген.

 «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші биылғы «Наурыз — думан» атты мерекенің қалыбы жылдағыдан өзгешелігімен ерекшеленді. Бір киерін иыққа іліп, М.Тынышбаев атындағы орталық алаңға ағылған халық мұны айқын сезінді. Мейрамның құрметіне алаңды айнала 200 метр ақ дастархан жайылып, тұрғындарға тегін наурыз көже мен ұлттық тағамдардан дәмдер ұсынылды. Алдымен сахна төріне шыққан Қыдыр ата ықылас бата беріп, ақ жаулықты әжелеріміз шашу шашты. Мереке тұсауын өңіріміздің өзгеше үнді өнерпазы Гүлжан Қисабекованың орындауындағы көңілге жақын, көпшілікке кеңінен танымал «Наурыз» әні кесті.

Ұлыстың ұлы күні-наурыз мерекесімен жиналған көпшілікті аудан әкімі Марат Разбеков құттықтап, жылы лебізін білдірді. Аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған фольклорлы-этнографиялық ансамблінің орындауындағы халық әндері ұлы күннің ажарын одан әрі айшықтай түсті. Мәдениет майталмандары талғампаз көрерменіне өз өнерлерін паш етіп, алаң аспанын көтеріңкі көңіл-күй кернеді. Сахнада сазы бөлек, әуені ерек осындай әндер төгіліп жатқанда ортада білекті, жүректі жігіттер спорттық сайыстардың көрігін қыздырып жатты. Атап айтқанда қазақша күрестен, 24 келілік гір тасын көтеруден, қол күрестен және соңғы жылдары айтулы шаралардың ажырамас бөлігіне айналған – қой көтеру сайыстары өз көрермендерін көптеп жинады. Ерлердің есімін ел білсін деген мақсатпен олардың аттарын айшықтағанды жөн көрдік. Сонымен қазақша күресте аманбөктерлік Асылжан Асылбековке тең келер жан табылмаса, қойды 80 рет көтерген Азамат Түркебаев атына лайық екенін дәлелдеді. Ал қол күресте Сарқан қаласының тұрғыны Керімбек Ербаев білектілік пен жүректілік танытса, 24 келілік 2 гір тасын 43 рет  әуелеткен Әділ Чукурбаев бас жүлдені еншіледі.  Соңында жеңімпаздар анықталып, үздіктер кәсіпкерлердің, ұжымдардың демеушілігімен  жұртшылық алдында марапатталды. Сондай-ақ «Жетісу жұлдыздары» облыстық байқауының жүлдегері, бірнеше ән байқауларының жеңімпазы, ел үмітін арқалап Францияға жол тартқалы отырған Гаухар есімді бүлдіршіннің өнеріне көпшілік шынайы шапалақ ұрып, ақжол тілесті. Ұлыс күні құшақтасып көрісіп, ақ тілектерді ақтарған көпшілікке күміс күн де жайдары шуағын аямай төгіп тұрды.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: