Хатқа түспегенмен адамдардың жадында жатталып, бүгінгі күнге аман-есен жеткен құнды деректерді естігенде немесе кезінде қағазға түскенімен көмескіленіп қалған танымдық дүниелерді көргенде еліміз үшін елеулі мәліметтерді жұртшылыққа жеткізуге асыға-мыз.
Алдияр батырдың айтулы ұрпағының бірі Кененбайдан тараған Бұлан ұлы Жақанбай әділдігімен айналасына танымал болған би болыпты. Сөзімізді жалайыр Жәлменденің Жақанбайға жолдаған сәлеміне бұрып, бұл екі елдің ер тұлғалы екі азаматының арасындағы қыл өтпес татулық пен достықтың туы болған осынау хатқа кезек берейік:
Сәлем де Жақанбайға бір
ат берсін,
Үш жылғы мінілмеген құр
ат берсін.
Бұйымтай орындалса
ойдағыдай,
Төлемін үш жылдан
соң сұрап келсін.
Дәулігі өзімдей болсын,
Местігі өзіңдей болсын.
Сұлулығы Аппас төредей
болсын,
Жүрісі Жүсіп қожаның
жазуындай болсын.
Ақ қаптал, ақ айыл болмасын,
Қисық құйрық, мүкіс құлақ
болмасын.
Рас, үш жылдан кейін атының ақысы ретінде Жақаңа жамбы жауып түйе, кілем жауып ат мінгізген. Қоржын-қоржын алтын, күміс, астына айшықталған ер сыйлаған.
Жақанбайдың асы 1898 жылы беріліпті деседі. Асқа араға алты ай салып үш жүздің игі жақсыларына жар салынады. Осы асқа Абай ақын бастаған Арқа азаматтары Шәкерім, Тәттімбет, Құсбек, Әсет, үйсін Бақтыбай, жалайыр Жәлменде, Маманның Тұрысбегі, Құл, Түбек ақындар қатысады.
Садықбек қажы құран бағыштап, ақ тудың сабын сындырып, тұлданған атты Баубек палуан алған. Ас Мұқаншы төрінде Жалқұмда өткен. Аламан бәйгеге жүзден астам ат Көктерек ауылына айдалған. Арасы артық-кемі жоқ тұп-тура 35 шақырым қашықтықты Сарат ауылындағы Сапаның Ақбелбеу деген тұлпары жеңіп алған. Бәйгесі жүз тұяқ деседі.
Тойды Жақанбайдың жақын достарының бірі жалайыр Жәлменде басқарған. Оның оң қолы болып Жексембай жүрген. Қадірменді меймандар асқа бата беріп, құран оқып, Садыр еліне жақсы-жақсы тілектер білдірген, өнерлерін ортаға салып, ел-жұртты тәлімділікке бағыттаған.
Бізге жеткен деректер бойынша Абай бастаған арғын игілері, Тәттімбет басқарған Арқа өнерлілері ас болар жерге 7-10 күн бұрын келіп, ақ шаңқан үйлер тіккен.
Ас тыныштығын Баубек сақтаса, Нысанқұл палуан қарсыластарының жауырынын жерге тигізген.Іштен шалып, сол қолмен ұстап тұрып, насыбай атқанын көргендер жыр қылып айтады екен. Жаяу жарыста жүлдені жалайыр елінен келген жез киік жүйрік Нұрғаниса деген әйел жеңіп алған.
Әдетте аймағына аян адам дүниеден өткенде жоқтауын орақ тілді, от ауызды адамдарға жаздырып, жылы өткенше қаралы үйден жоқтау естіліп тұрған көрінеді. Осындай қимастық лебіз Жақанбай биге де жазылған. Бұл туралы шежіреші, тарихшы, қаламгер ақсақалымыз марқұм Тәңірберген Қалилаханов төмендегідей дерек келтіреді:
-Үлкендердің айтуы бойынша «Жақанбайдың жоқтауын» Садыр руының ішінде Кенжебай ауылының ақыны Малайұлы Ахмет деген кісі шығарған екен. Сол жоқтауды әдейі іріктеліп алынған бір топ қыз-келіншектер жаттап алып, бір жыл бойына, яғни Жақанбайдың асы берілген күнге дейін үнемі көш-жөнекей дауыстап айтып жүрген. Ең соңғы жоқтау асқа келген адамдар жайылған дастарқанға отырғанда айтылып, Жақанбайға бағышталған құран оқылғаннан кейін тоқталды деседі. Жасында сол жоқтауды естіп, жаттап алған Садырдың Зергер дейтін руының ақсақалы Меңғали Арғынбаев пен Ақынай руының ақсақалы Нұрмұханбет Омаровтардың ауызынан үзінділерін жазып алып едім,-дейді Тәңірберген ақсақал.
Жоқтаудың ел аузындағы нұсқасы төмендегі мәтінмен сақтаулы:
Уа, халайық!
Алдияр біздің бабамыз,
Үшеу екен анамыз.
Бабамнан туған төртеуі,
Сары қымыз сабамыз.
Медет байда жиынды,
Мәмбет би бар данамыз.
Базар-Назар қос жүйрік,
Кім бар ондай санаңыз.
Оразгелді, Оразбақ
Асылдар қатарына аламыз.
Жақанбай көшті дүниеден
Ағайын сізге шағамыз.
Малқар, Зергер, Тәуімбет,
Жақындап бәрін санаңыз.
Болып кетті Жақанбай,
Жұртқа жақсы атанды-ай.
Жақаағамның ақылы,
Ойжайлау мен Қапалдай.
Кененбайдың ішінде,
Бай кісі бар ма Бапандай.
Бабамнан туған Шалқыбай,
Сүйкімді сұлу шапандай.
Арғы атам менің Алдияр,
Сегіз сеңгір ұлы бар.
Медет ,Қуат, Кененбай,
Кенжебай, Асан табылар.
Ақпан, Тоқпан, Дөненбай,
Алдиярға құйрық-жал.
Алдиярмен туысқан,
Бір старшын Құдияр.
Жексенбай елге белгілі,
Жақсылық іске болды жар.
Саурық момынға болысты,
Мәмбетбай күзек қоныс-ты.
Қазанғап, Елеу, Қалдығұл.
Түзеген қисық шалысты.
Бай Арыстан, Ер Мұса,
Бай болып жүр табысты.
Жақанбай көшті дүниеден
Жақын еткен алысты.
Андаға жақты Сауырық,
Сайлау деген дауырық.
Сайлау десе жұрт қызар
Күйлі құстай шаңғытып.
Арын менен Тәсібек,
Кетпесін елің жауығып.
Адамға Ысқақ алдырмас,
Қалмаса жатып ауырып.
Стамбек төре ер кісі,
Садырдың таудай белгісі.
Әбен алған болысың
Атасының үлгісі.
Қарлығашта Жетібай
Сабырлы момын бір кісі,
Тілеулі батыр өнерлі,
Озған жоқ одан өзгесі.
Күш артылмас түйеден,
Сүт артылмас биеден.
Күдер үзбе жарандар.
Жаратқан жаппар-иеден.
Үш арыстың біреуі,
Қалмаса егер жүйеден.
Сыпатай қажы ел асқан,
Қыдырменен жанасқан.
Артылмай тұр Медетке
Айдаған малың алаштан
Қасен, Қасым, Тілеулі
Қайырымды болып
қарасқан.
Өнері асып өзгеден
Жасаған мүлкі жарасқан.
Бақытына Баубектің
Табылмас адам таласқан.
Шүйенің шебі Кебеңе,
Дәулетін жанға теңеме,
Өсербай батыр ақсақал
Жаттанды сөзге ере ме.
Мүшебай, Құрман,
Көбентай,
Жөнсіз іске көне ме?
Иса болыс, Еркінбек
Дұшпанға намыс бере ме?
Құрманбай мен Бапаңның
Екеуін жанға теңеме.
Қарауыл Иса, Еркінбек
Бекберлі сөйлер серпіндеп.
Ақыл толық болған соң
Билеген елді еркіндеп.
Жақамбай көшті дүниеден
Бөлмеген жанды біртіндеп.
Қауым жұртым аман бол,
Ертеңің болсын еркіндік…
Осындай Садырдың игі жақсыларын маржандай тізген сөз шеберінің қолтаңбасы аз ғана өзгерістерге түскенімен бүгінгі күнге аман жетіпті. Жоқтаудың өн бойынан ата-бабаларының асыл істерін іздейтін ойлы оқырман көкейіне түйе жүрсін деген мақсатпен өткен ғасырлардан жоғалмай жеткен көне жазбаларды тірілтіп отырмыз. Расында да ғалымның хаты, жақсының аты қалатыны даусыз ақиқат.
Жомарт ИГІМАН.