Жағымды жаңалық Қоғамдық монша – ел игілігіне

Қазіргі қоғамдағы тіршіліктің негізгі көзі – шағын және орта бизнеспен, шағын кәсіпкерлікпен айналысу. Нарықтық экономика заманында осы бағытта жұмыс жасау қалыпты жағдай екені анық. Кәсіпкерлікпен айналысуға шындап кіріскен жандарға мемлекет тарапынан жанды қолдау көрсетіліп, кәсібін жолға қоюына, аз пайыздық несиеге қол жеткізуіне игі ықпал тигізіліп келеді. Елбасының әр Жолдауында кәсіпкерлікті дамытуға баса назар аударылатыны сондықтан.

Ауданымызда кәсіпкерлік көкжиегі көтеріліп, жылдан-жылдан дамып келе жатқандығы айналамызға аян. Жуырда жеке кәсіпкер Егеубек Қамалбеков қоғамдық сұраныстан туындаған көкейдегі ойын жүзеге асырып, бір мезетте 60 адамға қызмет көрсететін қоғамдық моншаны пайдалануға берді.

Сарқан қаласындағы «Рахат» моншасының ашылу рәсімінде құттықтау сөз алған аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков тыңнан жол салып, өз ісін қолға алған сәттен бастап іскерліктің ілкімді үлгісін танытқан кәсіпкерге тұрғындар атынан алғысын айтты. Қоғамдық моншаның лентасын ауданның құрметті азаматы Қанат Маманбаев қиып, ел игілігіне ұсынылған жаңа нысанды жиынға қатысушылар аралап көрді.

 

Ж.МАҚАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: