Туған жер, рухани жаңғыру
…Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды,
Анадан қыз туса, күң боламын, деп тумайды
Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.
деп Қаз дауысты Қазыбек би өзінен кейінгі ұрпақтың келешегін уайымдап айтып кеткен еді. Иә, біздің осындай еңсеміз тік, мақсатымыз биік, көзі ашық, көкірегі ояу ұлт болып қалыптасуымыз қандай қиындық болса да мойымай елі үшін, жері үшін жанын пида еткен, қаншама мемлекеттер шұрайлы жерімізге көз тіккенде найзаның ұшымен, білектің күшімен, ақыл-айланың асқандығымен, өз Отанын сақтап қалған хас батырларымыз бен шешен билеріміздің, ұлы ойшылдарымыздың, ұлтына білім нұрын төгуге ұмтылған ұлтжанды қайраткерлеріміздің арқасында. Бүгінде осы бабаларымыздың тапсырып кеткен мирасын, асыл мұрасын, баға жетпес қазынасын дәріптеп, жаңғыртуға бет бұрыстарды жасап отырған тәуелсіз еліміздің, Азияның жүрегінде орналасқан кең байтақ жерде өмір сүріп жатқан «Мәңгілік Ел» бағытын ұстанған Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап, Елбасымыз еліміз бен ұлтымыздың игілігі үшін еңбек етуде. Сол еңбектерінің ішінде санасының кереметтелігін көрсететін болашаққа арналған бағдарламасы жақында ғана жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы.
«Мәңгілік Ел» болу үшін, еліміз мықты болуы тиіс. Ал, еліміз мықты болу үшін, ұлтымыз көреген болуы қажет. Ұлтымыз көреген болуы үшін, ұлттық құндылықтарымыз жалғасын табу керек.
Ұлттық құндылық дегеніміз не?
Ұлттық құндылықтар ол- ұлттың тілі, діні, ділі, мәдениеті, руханияты, салт-дәстүрі, сан ғасырдан бері жалғасын тапқан өнеріміз. Ал, ұлттың тілі- ұлттың жаны. Мемлекетімізді шаңырақ деп қарастыратын болсақ, ана тіліміз сол шаңырақтың керегесі. Керегеміз бекем болу үшін, керегедегі терезелер басқа шаңырақтың терезесімен тең болуы керек. Өзге мемлекеттермен тең болуымызды немесе олардан үстем болуымызды анықтайтын дүние- бәсекеге қабілеттілік. Ол бәсекеге қабілетті болу үшін білім қатар жүру керек. Міне, Президентіміздің ойға алған мақсаты: өзінен кейінгі жас ұрпаққа әлемдік деңгейдегі білім беріп, ұлттық тәрбиені қатар бойларына дарыту. Жер бетінен құрып кеткен қаншама ұлт пен ұлыс бар. Білімі бар болса өз ұлысы жоқ, ал ұлысы бар болса, білімі жоқтар қаншама. Мен бұл бағдарламаны осындай жандардың қатарынан болмаудың алдын алуға арналған деп білемін. «Бүгінгі күн- ертеңгі тарих» демекші бүгін жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар, ертеңгі әлемде алатын дәрежеміздің жемісі. Бұл Қазақстанның еш мемлекетке ұқсамайтын дербес даму үлгісін қалыптастыруға арналып отыр. Өйткені, бұл өмір. Өмір өзен іспеттес, бір қарқында тұрмайды. Үнемі ағысы желдің қағысына қарай өзгеріп отырады. Бұған дәйекті мысал келтіретін болсам,бағдарламадағы «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екінші бөлімінде жақын арада іске асатын жобалар көрсетілген. Мұнда қазақ тілін латын қаріпіне ауыстыру туралы айтылған. Латын қаріпіне көшу-заман талабы. Себебі, ағылшын тілі бүкіләлемдік тіл. Әлемдік білім алу үшін, әлемдік тілді білудің қажеті мол. Латын қаріпіне көшу жас ұрпақтың ағылшын тілін тез үйренуге септігін тигізеді. Сонымен қатар латын әліпбиі бізге таңсық емес. Бұл жерден де біз тарихты көре аламыз. Осы бөлімінде зерек ақын, алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың аңсаған арманы орындалды деп ойлаймын. Мағжан Жұмабаев «Қазақ тілі» өлеңінде:
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!
-деп, жан жаққа шашырап кеткен ұлтының бірігеріне сеніп кеткен еді. Осы бағдарламаны қолданатын болсақ, тек қана қазақ балаларының емес, біздің таңғажайып әдебиетімізге дүниежүзі балалары қызығып, тамсанып қарарына сенемін. Мінекей, латын қаріпіне көшіп, білімнің көзін пайдалану арқылы біз өзге мемлекеттерге қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің қандай бай екенін паш ете аламыз.
Біздің дамыған 30 елдің қатарына қосылуымыз үшін санамыздағы көкжиек кең болуы тиіс. Кең болуына да Елбасымыз барлық жағдайды жасап отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстандағы тілдердің үш тұғырлығы туралы ойды алғаш рет 2006 жылы Қазақстан халқының Ассемблеясында айтқан. 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» жолдауында Елбасы «Тілдердің үштұғырлығы» — «Триединство языков» мәдени жобасын кезендеп іске асыруды ұсынды. Тілдердің үштұғырлығы идеясында Елбасы оған нақты анықтамасын берген, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ал ағылшын тілі –жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі.
Елбасымыздың аталған идеясын жүзеге асыру мақсатында өзімнің білім алып жүрген Н. Островский атындағы мектеп-лицейінде 2017-2018 оқу жылында жоғары сыныптардағы техникалық мамандықтар пәні химия, физика, биология, информатика ағылшын тілінде оқытылып жатыр. Бұл – біздің оқушыларымыздың әлемдік оқудағы үдерістерге ықпалдасуына жағдай жасайды.
Алаш қайраткерлерінің шығармаларын, оқытуға тыйым салғанда қазақ әдебиеті мылқау адамдай болып қалып еді. Егемендік алғаннан бастап, өлең өз туған жерінде оқылатын болды.
Атап айтсақ, дәстүрлі түрде жыл сайын Ілияс, Махамбет, Абай, Шәкәрім, Мұқағали сынды ақындарымыздың өлеңдері мен шығармаларының аудандық, облыстық, республикалық байқаулары өткізіледі. Осы көркемсөз байқауларына мектеп-лицейіміздің оқушылары белсенді қатысып, ақындардың өлеңдерін жатқа оқып, сонымен қатар ақындарға арнау өлеңдерін де жазады. Алаш қайраткерлерінің ізбасарлары, қатарластарым Токтиева Арай облыстық Абай оқуларынан ІІІ дәрежелі диплом алса, Құрманғалиев Айбын облыстық Ілияс оқуларынан ІІ дәрежелі диплом иегерлері атанды. Өзім Ілияс Жансүгіровтың шығармаларын бастауыш сыныптан қызыға оқитындықтан, ақынның өлеңдерін жатқа оқып, шығармаларына үнемі талдау жасап отырамын. Осы қызығушылығымның жетістігі облыстық, республикалық Ілияс оқуларынан бас жүлдені жеңіп алғаным менің туған жеріме деген құрметімді білдіреді.
Осындай қазақ тіліміздің дамуы үшін жоспарланып отырған мәселелерді ойласам, мынадай өлең жолдары ойыма түрткі болып, шабыт сыйлайды:
Оқып сені қуаттанам, жанданам,
Асыл сөзге құштарланбас бар ма адам?!
Әдебиетте өсіп келем жастайын,
Өлеңдегі піріміз сен қолдаған.
Сол баяғы өз аспаның өз елің,
Өз еліңде келді сөйлер кезегің.
Тас тұмадай тулаған, бай тілім
Теңіз болды сенің өмір өзенің.
Жалынды сөз, қуаты бір сөнбеген,
Көрнекілігімен жүрегімді тербеген.
Ең бай тіл болған дүрбелең әлемде
Қазақ тілі сынды тілдер кемде-кем.
Көркем тілі, ұлттық мәдениеті, өткен тарихы, бір жүйеге бағынған жеке-дара, әлемде орын алатын кең байтақ жерде, туғаным үшін, осындай мемлекет менің туған жерім, туған Отаным болғаны үшін бақыттымын.
Н. Островский атындағы мектеп-лицейінің
11-сынып оқушысы Айтқазы Шұғыла