Жалақы –еңбегіне сәйкес

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру»  Жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіру міндеті қойылды. Осыған орай ауданымызда ең төменгі жалақы алатын жұмыскерлердің еңбекақысын көтеру бойынша мекеме-ұйымдарда, кәсіпкерлер арасында, меншік нысанына қарамастан барлық ұжымдарда түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Өткен жылдың 14-қарашасында аудан әкімінің өкімімен жалақылары төмен жұмыскерлердің еңбекақысын қайта қарау бойынша мониторинг жасау жөнінде аудандық штаб құрылған болатын.

-Аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Маманбаевтың төрағалығымен штабтың екі отырысы өтті,-дейді аудандық жұмыспен қамту  және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұржан Әділова. – Елбасының төменгі жалақыны өсіру жөніндегі тапсырмасына орай жаңа жылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне өзгертулер енгізілді. Қазіргі таңда штаб құрамы анықтағандай аудандағы 449 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде, шаруа қожалықтарында және жеке кәсіп иелері ұжымдарында 2249 жұмыскердің еңбекақы көлемін жоғарлату жоспарланған. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін аталған ұжымдардың басшыларымен кездесулер өткізілді, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 

-Біздің ұжымдағылар 70-100 мың теңге аралығында жалақы алады. Жаңа жылдан бастап жұмысшылардың кейбір санаттарының жалақыларын арттыруды көздеп отырмыз,-дейді  Сарқан ГЭС-інің  атқарушы директоры Абулхақ Курмаев.-Жыл сайын өндіріс қуатын арттыру нәтижесінде жалақыға үстеме қосуға мүмкіндік тауып келеміз.

Мардымсыз жалақы бірқатар салаларда әлі де кездеседі. Орта буын мамандардың жалақысын өсіру арқылы Елбасы Жолдауының талаптарына сай жұмыс атқаруға тиісті мекеме-ұйымдардың талпынысы аудандық штабтың тұрақты назарында.

Жомарт ИГІМАН,

аудандық мәслихаттың депутаты.

Мәліметпен бөлісу: