Биыл ағымдағы жылдың наурыз айының 23-ші жұлдызында мұсылман қауымына тән қасиетті Рамазан айы басталды. Бұл қасиетті айда мұсылман бір ай бойы ораза тұтады. Барша мұсылман жұрты, ислам дінін ұстанушылар үшін парыз етілген амал. Бұл айда орындалатын ең басты діни амал ауыз бекіту — ораза боп саналады. Рамазандағы ауыз бекіту ислам дінінің бес парызының бірі боп табылып, бүкіл әлем мұсылмандарымен жыл сайын орындалатын іс-әрекет. «Он екі айдың сұлтаны» саналатын Рахым айы мұсылман қауымы үшін өте ерекше. «Неге?» десек бұл ай сауапқа толы, мұсылман үшін берілген ерекше мүмкіндік, адам жан-тәнін тазартып, жақсы амалдар арқылы күнә-кемшіліктерін азайту, жан дүниесін тазартып, жүректегі иманды ұлғайтып, сауапты істерге бет бұру. Адамды төмен дәрежеге түсіретін, зиян заттардан бас тару арқылы игі істерді көбейтуге ықпалын тигізе отырып, адам мен Алла Тағаланы мейлінше жақындастыратын, Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауаптар еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол ай. Ораза жан мен тәнді рухани тазартатын үлкен сабыр мектебі. Рамазан айындағы ораза балиғатқа жеткен әрбір ер мен әйел мұсылманға парыз. Оразаның уақыты сəресі таң намазының уақытына дейін болып, ақшам намазының уақытында ауыз ашылады. Рамазан айында ораза тұтпауға, ауыруының айығуынан үміт жоқ, үнемі дәрі немесе уколға сүйенетін, ораза ұстаса денсаулығына зиян келетін науқастар, ораза тұтуға әл-қуаты жетпейтін қарт кісілер және де аяғы ауыр, кішкентай емізулі баласы бар аналарға өзінің және баласының дансаулығынан қауіптенсе ораза тұтпауына рұқсат. Оразаға кірген уақытта қаза етілетін күндер болады, алыс-машақаты бар сапарға аттану, әйел кісілерге хайыз күндері, науқастанып қалған кісілер ораза тұтпауына рұқсат. Алайда, қаза еткен күндерді өтеуі парыз. Ораза туралы және басқа да сұрақтар туындап жатқан болса толық ақпаратты, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми сайтынан (www.muftyat.kz) алсаңыздар болады.
Жүректегі ізгі нұр имандылық кепілі, сол себепті Рамазан айы жүрекке нұр салып, имандылықты арттыратын қасиетті уақыт. Аллаға құлшылық ету арқылы, жеңілдеу күйіне түсіп, жақсылық пен сауабы мол істер жасау арқылы имандылығымызды арттыруға асығайық. Иманның басы – сенім, иманның тәні – намаз, иманның жүрегі – құран. Иманның көрінісі – ықылас, иманның сөзі – Аллаға тілек, иманның нұры – шындық. Иманның дәмі – тазалық-пәктік, иманның жемісі – ораза. Иманның шипасы – ар, ұят екенін ұмытпайық.
Жасаған амалдарымыз бен ізгі ниеттерімізді Алла Тағала қабыл еткей! Имандылық жанымызға серік болып, қасиетті айлардың Сұлтаны Рамазан айын мейлінше сауапты іске арнайық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай.
Диана МЕЛІС,
дінтанушы.