
Жуырда Мәскеу облысы Жуковск қаласында орналасқан ЦАГИ технопаркінде (профессор Н.Е.Жуковский атындағы Орталық аэрогидродинамикалық институты) авиация ғылымы мен әлемдік аэродинамика орталығының отанында, әлемдегі ең ұзын ұшу-қону жолақтарының бірі орналасқан жерде «Инновациялар және авиациядағы жетістіктер» авиатехниктерінің халықаралық конкурсы өтті. Бірнеше күнге созылған байқау барысында Қазақстан Республикасының Алматы қаласындағы «Азаматтық авиация академиясы» АҚ Авиациялық колледжінің студенттері жүлделі орындарға ие болды.

Аталмыш оқу орнында біздің жерлесіміз Шөнжікенов Қайрат Аманжолұлы қызмет ететіндігін мақтанышпен айтып өткеніміз жөн. Сарқан өңірінде туып-өсіп, туған жерден қанаттанған Қайрат ауданымызда түрлі қызметтерді абыроймен атқарған Аманжол Шөнжікеұлының перзенті.
Биыл ақпанның 18-інде 83–ке толатын Шөнжікенов Аманжол ағамызды өңіріміздегі аға буын, орта буын жақсы біледі. 1943 жылы дүние есігін ашқан Аманжол ағамыз Семей малдәрігерлік – зоотехникалық институтына оқуға түсіп, аталған білім ордасын 1965 жылы зоотехник мамандығы бойынша үздік аяқтаған. Еңбек жолын Семей облысы Көкпекті ауданынан бастаған ағамыз білімінің, біліктілігінің арқасында түрлі қызметтерді абыроймен атқарды. Зейнет жасына шыққан соң ұзақ жылдар аудандық ардагерлер кеңесін басқарып, қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрді.

Осындай асқар таудай әкенің тағылымды тәрбиесімен сусындаған Қайрат қазіргі таңда жоғарыда аталған колледж директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқаруда. Үш бірдей жоғары оқу орнын тәмәмдаған Қайрат Аманжолұлы біліктілігімен, іскерлігімен, жеке бас қасиеттерімен әріптестерінің, шәкірттерінің алдында жоғары беделге ие маман.
Сонымен білім мен білік сынға түскен сайысқа қайта оралсақ. Қайрат Аманжолұлы мен әріптестері бастап барған студенттер сайыс қорытындысында халықаралық қазылар алқасының шешімімен бірқатар кезеңдер бойынша үздік деп танылып, жүлделі орындарға ие болды. Авиация мамандарының кәсіби байқауы ЦАГИ технопаркінің алаңында өтіп, атақты авиаконструктор А.С.Яковлевтің туғанына 120 жыл толуына орайластырылды.

Қатысушылар әуе кемелерінің дөңгелектері мен тежегіш жүйелеріне техникалық қызмет көрсету бойынша үздік мамандар атағы үшін сайысқа түсті. Конкурстың қорытындысы бойынша қазақстандық колледждің ТМХ-239-2 тобының студенті Артем Федюшин «Шассидің негізгі тірегінің доңғалағының тежегіші» А модулінде II дәрежелі дипломмен, В модуліндегі «Ұшақ корпусының ақаулығы» I дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар ТМХ-239-1 тобының студенті Дидар Рахымжан «Шассидің негізгі тірегінің дөңгелектерінің тежегіші» А модулінде III дәрежелі дипломмен марапатталды. Аталмыш конкурсқа қатысушыларымыздың жетекшілері мен тәлімгерлері — Қ.А.Шөнжікенов пен Н.Т.Шыңғысов екендігін айта кеткеніміз жөн.
— Осы ретте, «Эйр Астана» және «СКАТ» авиакомпанияларының басшылығына студенттерімізді осы конкурсқа дайындауға көрсеткен көмектері үшін ерекше алғыс айтамыз,-дейді Қайрат Аманжолұлы.
Қазіргі қоғамда білікті де жауапкершілігі жоғары маман қалыптастыру – уақыт талабы. Осы жолда өз қызметінде үнемі ізденіп, кәсіби біліктілігін жетілдіруді басты мақсат еткен Қайрат Аманжолұлы тек өз саласының маманы болып қана қоймай, жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне де зор үлес қосып келеді. Колледжішілік қоғамдық-саяси жұмыстардың бел ортасынан табылатын жерлесіміз қызмет барысында жинақталған тәжірибесін шәкірт тәрбиесіне бағыттау – үлкен жауапкершілік пен абыройлы міндет деп біледі.
Сөзіміздің соңында студенттерімізді және колледж ұжымын лайықты нәтижелерімен құттықтаймыз және олардың кәсіби даярлығының жоғары деңгейін мақтан тұтамыз! Ал саялы Сарқан өңірінен тамырын үзбеген Қайрат Аманжолұлының қызметіне табыс тілеп, жемісті, жеңісті күндер көп болсын дегіміз келеді.
Бет жасалып жатқанда Қайрат Аманжолұлы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің Алғыс хатымен марапатталғандығы туралы хабар жетті. Бұл жерлесіміздің қажырлы еңбегін, саладағы кәсібилігін тағы да айғақтап тұр.
Партия ЖЕҢІСХАН,
Сарқан ауданы.
