Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында тарихтың өткеніне көз жүгіртіп, жаңа тарихи кезеңдерге жан-жақты баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа деген өзінің парасатты пікірлері мен көзқарасын білдірген еді.
«Екі дәуір түйіскен шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр… Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс — біздің дамуымыздың ең басты қағидасы», -деп жастарға және ел келешегіне үміт артқан еді.
Біз, жастар сол Елбасымыздың артқан үкілі үмітін ақтап, аталмыш бағдарламаның негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, бұл жаңғырудың маңыздылығына тоқталуы-мыз керек. Жастар бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге немқұрайлы қарамауға тиіспіз. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың алғышарттарына айналдыруымыз керек. Сонымен бірге, рухани жаңғыруда ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алуымызда өте маңызды. Біз жастар рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға аса назар аударып — үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытамыз деген ойдамын. Әр алға басқан қадамымызды тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін арнауымыз кажет. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс.
Сондықтан біз жастар Елбасының үмітін ақтап ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған нағыз патриот болуымыз керек. Сонда ғана ата-баба аңсаған мәңгілік елге айналарымыз анық.
Үміт АЙҚЫН,
Сарқан гуманитарлық колледжінің
304 ДО топ білімгері.