Әскербек Тілеужан
Сарқан ауданы, жас ақын
Жасай бер, тағы жаса, момын елім!
Салқын самал еседі шатқалдардан,
Шатқалдардан, тастары қатпарланған.
Тарпа құздан қарадым биік шыңға —
Алатауға, жар басы аққарланған.
Назарым түсті шалғын қыраттарға,
қыраттарға, жамалы сыр ақтарған.
Кемпірқосақ секілді түрлі түсті —
Сәуле көрдім шағылған бұлақтардан.
Жайғастым бір теректің маңайына —
Қызығып дала бөктің арайына.
Кеткім жоқ…
Мына дала көркі деген —
Асып түсті бай патшаның сарайынан!
Уа, Алла шебер едің неткен мықты,
Жасаған табиғатың мені жықты…
Жасай бер, тағы жаса момын елім!
Береке бер, көбейтші молшылықты!
Жетісуым
Жүрегім бар, Жетісу десе елжірейтін,
Көңілі бар сағыныштан мөлдірейтін.
Жақсы көрем адамын, Мен Жетісудың,
Дарығандай қасиетің жау көрмейтін.
Еске аламын, ескі күнді естеліктей,
Жүректе қалдырамын бар суреттей.
Болғасын Жетісудың бір пендесі
Ұлықтаймын ұмытпай еш өзгертпей.
Дараланған Жетісуым алтын бесік,
Жанымды беруші едім саған кесіп.
Сағыныш саған деген басылмайды,
Көзімнен жас ағып тұр жүрек тесіп.