Жастар болашақты жырлайды

Астана қаласының 20 жылдығына орай  Сарқан қаласында аудандық мәдениет үйінде Сарқан ауданы әкімінің жүлдесі үшін «Жастар болашақты жырлайды» атты жас ақындар айтысы болып өтті. Айтыстың өтуіне арқау болған «Алматы облыстық жастар ресурстық орталығы» және Сарқан жастары ресурстық орталығының ұжымы.

Жас ақындар сайысына алыстан ат терлетіп келген Көксу, Жамбыл, Райымбек және Сарқан ауданының суырып салма ақындары қатысты. Айтысты бұл салада өзіндік мектебі қалыптасқан белгілі айтыс ақыны, «Алатау» газетінің бас редакторы Айтақын Бұлғақов жүргізді.  Дүбірлі айтыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков құттықтау сөз сөйлеп, жиналған қауымды бас шаһар «Астана қаласының 20 жылдығымен» құттықтап, ақындарға сәттілік тіледі. Ұйымдастырылған шараның мақсаты — халқымыздың төл өнерін дәріптеу, оны жас ұрпаққа боямасыз күйде жеткізу, ата-бабаларымыздың бай мұрасын санамыздан шығармай, қазақтың исі шығатын «Айтыс» төл өнерін өшіріп алмау. Шара барысында жас ақындар өздерінің шеберліктерін ортаға салып, топтан үздік шыққан  төрт ақын Құлмамбетше айтыс үлгісін құрып, шаппа-шап айтыс жасап, жиналған қауымға жақсы көңіл-күй сыйлап, домбыраның қоңыр үнімен тербетті. Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған сайыстың қорытындысы бойынша жүлделі үш орынды жамбылдық Қанапия Алтынай, Асылбекқызы Айым, Риза Ерқұлан жеңіп алса,  бас жүлдеге Сарқан ауданы  Қойлық ауылының тумасы Мұхамедхан Исламхан ие болып,  аудан мерейін үстем етті. Жүлдегерлерге аудан әкімінің арнайы сыйлығы табыс етіліп, барлық қатысқан ақындарға мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар табысталды.

 

 

Мәліметпен бөлісу: