
Соңғы жылдары өңірімізде мемлекеттің қолдауымен кәсіпкерлікпен айналысып, өзгелерге үлгі болып жүрген жандар қатары әсіресе жастар қарасы көбейіп келеді. «Бәрекелді!» деп қуанамыз, «Іске сәтпен!» арқадан қағамыз. Биыл «Бастау Бизнес» жобасы аясында бөлінетін қайтарымсыз грант мөлшері де көбейіп, өз ісімді өркендетсем деген жандарға үлкен мүмкіндіктер ұсынуда. Мысалы былтыр аталмыш жоба шеңберінде 200 АЕК (583 мың) теңге көлемінде ақша берілсе, биыл бұл сома 400 АЕК (1млн. 225 мың) мөлшеріне дейін ұлғайған.
Осындай мемлекеттің қолдауына ие болған жастың бірі сарқандық Бірлік Қаратаев аудан орталығында массаж кабинетін ашсам деген жоспарымен бөлісті. «QAZAQ MED Clinic» медициналық орталығының арнайы массаждық курсын тәмамдап, сертификат алған жас дене уқалаудың 4 түрін меңгеріп шыққан. Қайтарымсыз грантқа Бірлік массаждың арнайы төсегін, үстел, орындық, басқа да құрал-жабдықтарын, түрлі майларын алып, жалға алған кабинетті кәсіпке сай лайықтауды көздеуде. Күнұзақ кеңсе жұмысында отырып, арқа-басы құрысқан жандарға Бірлік Күнболатұлы әлдеқайда қолжетімді баға ұсынбақшы.
Аталмыш грантқа ие болған тағы бір жастың бірі Мырзабек Әділжан өзгеше кәсіп түрін – биогумус өндіруді бастамаққа ниетті. Кәсіпкердің сөзінше калифорниялық шылаушындар кез келген шіріген органикалық заттарды, малдың қиын «жеу» арқылы жердің құрамын гумуспен байытып, құнарлы қара топыраққа айналдырады. Аграрлық салаға бағытталған ауданымыз үшін органикалық тыңайтқыштың бұл түрі өнімділікті арттыруда, үй шаруашылығы секторында табиғи таза өнім алуда өте үлкен артықшылыққа ие көрінеді. Аса қаржылық шығынды қажет етпейтін кәсіп түрін ғаламтордан көріп, қызығушылығы оянған Әділжан бүгінгі күні құрамында шамамен 60-70 мың қызыл құрты бар 2 шаршы метрлік биогумус сатып алып, кәсібін бастап кеткен.
- Жасырын емес, қазіргі күні жеміс-жидектер, көкөністер түрлі дәрі-дәрмектердің көмегімен өсіріледі. Нәтижесінде адам ағзасы зиянды химиядан зардап шегеді, түрлі аурулар пайда болады. Ал біздің шылаушын өндірген биогумусты бақшалық өнімдерге пайдалансаңыз экологиялық таза әрі екі есе мол өнімге қол жеткізесіз, -дейді Әділжан Мырзабек өз ойымен бөлісіп. – Келешекте шылаушындар көбейген соң ірі қалаларды көгалдандырумен, абаттандырумен шұғылданатын ұжымдарға, аудан тұрғындарына биогумус сатып, кәсібімді өркендетемін.
Заманның талабын тез ұғынып, соған сай қарекет жасасам деп жүрген жастың бірі Арман Дәлелбек вендинг аппараттары арқылы таза ауыз су сатуды біраздан бері жоспарлаған. Вендинг қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, автоматтандырылған жүйе арқылы тауарлар мен қызметтерді сату деген мағынаны білдіреді екен. (vending ағылшынның vend — сату (автоматтар арқылы). Яғни, тауарлар мен қызметтер адамның қатысуынсыз сатылады. Заманауи саудаға арналған вендинг аппараттарын үлкен қалаларда жиі көреміз. Вендингтердің ең танымал нұсқалары — пластикалық шыныаяқтар мен кофе сататын сауда автоматтары. Бүгінгі таңда аталған автоматтардың түрі өте көп. Біздің кейіпкеріміз үкіметтің қайтарымсыз қаржысына ресейлік аталмыш аппараттың су сүзгілейтін екі данасын сатып алып, оның біреуін өзі тұратын көпқабатты тұрғын үйге, ал енді бірін көпшілік көп жүретін орталыққа орнатпақшы. 20 теңгелік ақша саласыз да құрылғыдан 1 литр таза су аласыз. Бір алғанда сыйымдылығы 19 литрге дейінгі ыдысты қойып, тіршілік нәрін толтырып алуға болады екен. Арманның сөзіне сенсек қаланың орталық су жүйесіне қосылған аталмыш аппараттың әрқайсысы күніне 5 мың литр су тазартуға қабілетті көрінеді. Бар болғаны ай сайын су сүзгісін ауыстырып тұрса болғаны. Осындай құрылғыларды сатуға маманданған ресейлік ұйым сонымен қатар аппаратқа қызмет көрсетуді өз міндеттемелеріне алып, үздіксіз жұмысына кепілдік ұсынған. Қала тұрғындары мен қонақтарын қолжетімді бағамен әрі ең бастысы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді мақсат тұтқан Арман Беделбекұлының ісіне тек сәттілік тілейміз.
Міне, мемлекет тарапынан осындай қолдау мен қамқорлықты сезінген сарқандық іскер жандар қайтарымсыз қаржының арқасында мал бордақылау, қымыз, кірпіш өндіру, бөдене өсіру, тоқыма-тігін, аспаздық, жиһаз жасау сынды көптеген кәсіп түрлеріне бел шеше кірісті. Бұл қарекет қылып, қам жасаудың, мол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың заманы. Сарқандық жастар осыны ұғынып, сан түрлі кәсіпке жоспар-жобаларын ұсынып, мемлекет қаржысына ие болуда. - 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде ағымдағы жылы «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту онлайн курсынан аудан бойынша 311 азамат оқу курсына жазылып, оның 171 азамат оқу курсын аяқтады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға грант алуға ағымдағы жылы аудан бойынша 91 азаматқа мемлекеттік қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Оның 28 –і 29 жасқа дейінгі жастар болса, 63 – і халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Бүгінгі күнге 40 азаматқа мемлекеттік қайтарымсыз гранттар берілді. Оның 13-і 29 жасқа дейінгі жастар, 27 –і халықтың әлеуметтік осал топтары санатында – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Дидар Сағынғали.
Сәтін салса жыл соңына дейін жоспарланған 91 адам мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, кәсіпкер атанбақшы.
П.ЖЕҢІСХАН,
Сарқан ауданы,
Жетісу облысы.
