
Су – тіршіліктің бастауы. Елді мекендерде, әсіресе жаз мезгілінде, саябақтар мен демалыс алаңдарында жайқалып тұрған жасыл желектер мен көк өскіндерді суару мәселесі жиі туындайды. Бұл өзекті мәселе жыл сайынғы шығындар мен техникалық кедергілерге әкелетіні сөзсіз. Осы орайда жерлесіміз, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің түлегі «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы бойынша PhD докторы Юсупов Жеңіс ешқандай жанар-жағармай мен электр қуатын қажет етпейтін, экологиялық әрі үнемді гидравликалық насос құрылғысын таныстырды. Жаңа насос ешқандай шығынсыз ағын судан су тартатын құрылғы— саябақтарға, демалыс орындарына, үйге, шаруа қожалығына және өндіріс орындарына арналған тиімді шешім!
Ғылыми еңбек. 2021-2023 жылы аграрлық университетте су ресурстары және суды пайдалану мамандығы бойынша PhD докторы дәрежесін алу үшін диссертациялық жобамды қорғадым, тақырыбы «Су ағындары өтетін аймақтардағы жер телімдерді суару үшін гидроударлық құрылғыны жобалау». Жетекшім техника ғылымдарының кандидаты, профессор Яковлев Александр. Бұл құрылғыға 2023 жылы Қазақстан Республикасының патенті алынды.
Жаңа насостың ең шағын нұсқасының техникалық сипаттамасы:
🔹 Ағын судан, арықтан суды көтеріп тарату мүмкіндігі;
🔹 Электр энергиясымен жанар жағар май талап етпейді;
🔹Ылдилықтың айырмасы 1м болғанда -5-7м. дейін көтеру;
🔹Өнімділігі — 5-ден 10 м³/сағ дейін;
🔹 Ұзақ мерзімді, сапалы жабдық.
Ғылыми қолдау мен алғашқы нәтижелер.
Біз Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарайтын «Ғылым қоры» (Фонд науки) арқылы 2023-2025жж. арналған грант ұтып алдық, соның қаржыландыруымен жобаны бірінші және екінші жылы қажетті жабдықтарды сатып алып, зерттеу жүргізіп, конструкторлық сызбасын дайындадық. Сызбаны цехқа тәжірибелік нұсқасын жасауға тапсырыс беріп дайын болғаннан кейін оны құрастырдық. Ағымдағы жылы осы құрылғыға Еуразиялық патент алынды. Қазіргі таңда сынақтан өткізіп практика жүзінде іске асырып жатырмыз.
Алдағы 3 жыл ішінде осы жаңа ғылыми жоба арқылы осындай қажеттілігі бар аймақтардың мәселесін шешіп, жобаны коммерцияландырып табыс көзіне айналдырғанымыз туралы Ғылым қорына есеп беруіміз қажет. Өзім осы өлкеде дүниеге келіп, өскендіктен, жобаны дәл осы ауданнан бастағым келді. Туған жерден бастау — мен үшін үлкен мәнге ие. Сарқан ауданы мен қала басшылығы ұсынысымызды оң қабылдап, қолдау көрсеткеніне алғысымды білдіремін», — дейді жобаның авторы Жеңіс Емілұлы.
Жұмыс принципі көңілге өте қонымды. Атап айтқанда су жоғарыдан төмен қарай көлбеу құбыр арқылы ағады. Ағын су жылдамдығы көбейіп, сыртқа шыққан кезінде — соққы клапан кенет жабылады. Бұл гидросоққы (қысымның күрт көтерілуі) туғызады. Қысымы көбейген су көлемі оны су жинағышқа (резервуарға, баққа) кері клапан арқылы ығыстырады. Кері клапанның қызметі, қысыммен келген суды, су жинағышқа жинап оны кері шығармайды. Осы сәтте соққы камерасында қысым азайып, соққы клапан қайта бастапқы орнына түседі. Бұл процесс 3-5 секундта қайталанып отырады. Сужинағышта судың көлемі көбейген сайын, жоғарғы жағындағы ауы көлемі қысылып, түтікше арқылы суды сыртқа ығыстырып, яғни рәзеңке немесе пластик түтікше арқылы тұтынушыға үздіксіз беріп тұрады.
Насостың жұмыс принципі – судың табиғи ағысын пайдалану. Ол тек ағып жатқан судың күшімен жұмыс істейді. Негізгі принципі — гидравликалық соққы. Сынақ барысында құрылғы бірнеше метрте дейін суды көтере алатынын көрсетіпті. Бұл электр қуатына тәуелді болмай-ақ, тұрмыстық және шаруашылық қажеттілікті өтеудің тиімді жолы.
Жергілікті билік қолдауы. -Аудандық әкімдік бұл жобаны оң бағалап отыр. Жасыл екпелерге, саябақтарға су жеткізу, оны мезгіл-мезгіл суғарып отыру күрделі мәселе. Бұл құрылғы – қарапайым, үнемді және табиғи жолмен жұмыс істейтін жақсы шешім. Егер де жоба сәтті іске асса, оны тәжірибе ретінде өзге аймақтарға да енгізу жоспарланып отыр, – деді аудан әкімінің орынбасары Жомарт Мыңбаев.
Атқарушы билік тарапынан қолдау тауып жатса бұл бастама электр энергиясы жоқ жерлерде тиімді жүзеге асады.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ,
Сарқан ауданы.
