
Мыңжылдықтар мұғдарынан бері ұлтжандылықты ұрпақ санасына сіңдіре білген, обал мен сауапты, ар мен ұятты ата-бабасынан аманаттап қалған қаймана қазақтың мынау тіршіліктегі ғұмырын Жаратқан Жаппар Иеміз ешқашан да тарылтып көрген емес. Ымыра мен өзара татулықтың тұғырын шайқалтпай осынау мамыражай күнге жеткеніміз әуелі Алла, сосын қазақтың кеңпейілдігінің, ақжарқындығының көрінісі емес пе? Тағдыр-талайымызға тәуелсіздік төлқұжаты табысталған ширек ғасырдан астам уақыттан бері бірлік пен бітімгершілікті, татулық пен тұрақтылықты сақтап келеміз. Тарғыл тарихымыздың сантарам беттеріне көз тастасақ, босағамызды аттаған әрбір адамға құшағымызды кеңінен жайып, алдына асын тостық. Көңіліне кірбің ұялатпай, бетінен қаққан жоқпыз. Ордамызға келгенге оспадарлық жасаған жеріміз де жоқ. Қанымызға сіңген осы бір дархан пейіліміз бізді әлем алдында абыройға бөледі. Мәшһүр ғаламға «қазақ» деген ұлттың кім екенін әйгіледі. Бүгінгі күні жалпақ жұртшылық бізді мәңгілік дамуға құлаш ұрған жас мемлекет ретінде таниды. Танып қана қойған жоқ, Ұлы Дала төсінде қоныс тепкен елімізді төрткүл тарап түгел құрметтейді. Осының барлығы ел бірлігінің жемісі.
Қай уақытта болмасын бейбітшілік пен тыныштықты сақтаудың мәні зор. Бір үзім нан үшін басын сауғалар жер таппай босқынға айналған елдердің өмірінен сабақ алсақ, ел тыныштығы мен тәуелсіздігімізден асқан құнды байлық жоқ екеніне көзіміз анық жете түседі. Рухани жұтаңдық жайлаған әлемде сананың дағдарысы өршіп отыр. Экономикаңызды былай қойғанда, адами құндылықтардың астан-кестені шықты. Діни дүрдараздықтар мен ұлтаралық жанжалдар дөңгеленген дүние кімді болмасын алаңдатпай қоймайды. Сондықтан төзімділік пен өзара сенімді нығайтып, адамзатқаортақ ізгілікті насихаттау қажет.
Енді осыны дін мәселесі төңірегінде қарастырып көрейік.
Өзімізге белігілі, дінсіз адам кездескенімен, діни наным-сенімдері жоқ қандай
да бір қауым немесе қоғам болған емес. Бұған қарт тарихтың өзі куә. Себебі дін
– рухани мәдениеттің қайнар көзі. Сол мәдениеттердің бір-біріне деген игі
әсері, өзара тоғысуы және имандылық пен парасаттылық, тектілік пен зиялылық
арқылы мәдениеттер байып өркендейді. Осы арқылы адамзат өркениеттерінің өзара
үйлесімі қалыптасады. Атақты философ Анри Бергсон дін хақында: «Өткен тарихта
және заманымызда ғылымды, пәлсапаны білмейтін қоғамды кездестіруге болады.
Бірақ, дінсіз қоғам болмайды» деген екен. Елімізде қандай да бір ресми немесе
міндетті діннің жоқтығын Қазақстандағы мемлекеттік-конфессиялық
қарым-қатынастың басты сипаттамасы ретінде анықтауға болады. Бұл еліміздің
ар-ождан және діни сенім бостандығын мойындайтындығы мен қамтамасыз
ететіндігін, азаматтардың өз еркімен және қандай да бір мәжбүрлеусіз дінге
қатынасын анықтай алатынын немесе өзін қандай да бір дінмен байланыстырмай және
белгілі бір діни институттарға жүгінбей-ақ өмір сүре алатындығын білдіреді.
Мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынасты ұйымдастырудың осындай тәсілі
елімізде мәдени және дүниетанымдық саналуандылық пен плюрализмнің орнығуына
жағдай жасап отырған заманауи көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстанның
үйлесімді даму мақсатына толыққанды сәйкес келеді.
Еліміз егемендігін еншілеген тұстан бастап дәстүрімен тікелей сабақтасып жатқан Ислам дініне ден қойып, халықтың басым бөлігі Алланың ақ жолымен адымдауды құп көрген болатын. Тәубә, жаңылыспадық. Игілікке толы діннің ізгілікті жолымен адымдап, бүгінде күллі әлем таныған, құт-береке дарыған мемлекетке айналдық. Алайда, қазіргі таңда қоғамды алаңдатып, «мәселе» туындатып отырған жат ағымдар да аз емес. Кейбір келеңсіз істер қоғамдық мәселелерді өршітіп отыр. Бөліну де, өзге дінге ену де, жат ағымға тұсалғандар да таңсық ұғым болып тұрған жоқ! Халық ішінде үрей тудырып, сананы тұмшалауға күш салып жатқан деструктивті діни ағымдар көбінесе жастар арасында белең алуы ойланарлық жәйт. Сондықтан, діни ағымның артынан ерген жастарымызбен кешенді түрде үздіксіз жұмыс жүргізу керек.
Жалпы қоғамда діни-экстремистік идеологияға қарсы түсінік қалыптастыруды, дінге қызығушылық танытатын тұрғындардың сауатын көтеруді күн тәртібінен түсіруге болмайды. Әсіресе тұрғындардың дін саласындағы мәселелерге қатысты сауатын арттыру, ақпараттандыру және түсіндіру, сондай-ақ, дәстүрлі рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау арқылы ұлттық бірегейлік пен тұтастығымызды нығайту қажет. Радикалды идеялардың таралуының алдын алу және азаматтардың бойында жат діни идеяларға төтеп бере алатын иммунитет қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар әлі де атқарылу тиіс. Жат ағымдардың жетегінде кетпей, Ислам дінінің ізгілікті жолымен жүру арқылы біз әлем сахнасында өзге мемлекеттерде болып жақтан аласапырандардан қорғана аламыз. Терроризм, экстремизм дегендер діннің атын жамылып, жынның әрекетін уағыздайтын құбылыстар. Бұлардың басты мақсаты сөздерінен басқа ақиқатты көрмейтін, шындыққа мән бермейтін, бір сөзбен айтқанда шынжырлы құлдар, әскер керек. Олардың басқа діттеген мақсаттары да жоқ. Қазір дүниежүзі бойынша насихат, үгіттеу жұмыстары қызу жүргізілуде. Өзге жақтағы соғысқа тарту, «Кәпірлерді жоямыз» деп, жиһадқа шақыру – деструктивті діни ағымдардың басты қаруы. Мол қаражат пен о дүниедегі бақытты уәде етіп, санаңызды улаудың сан жолдарын біледі. Сондайлардың шекпеніне жармасып кетсеңіз, кері қайту да оңайға соқпайды.
Тарихқа зер салып, зерделейтін болсаңыз, жұртымыз ұлт болып ұйысқалы бері өзінің дәстүрі мен өмір сүру ғұрпын тікелей Ислам дінінің құндылықтарымен байланыстырып отырған. Наным-сенім, тыйымдар – тікелей шариғат заңдарымен байланысып жатқандығы да ақиқат. Бұдан – қазақ халқының ежелден хақ дінді күнделікті тірлігімен сабақтастырып, салт-дәстүрі арқылы да барынша насихаттауға тырысқан. Себебі, Ислам құндылықтарын толықтай бойына сіңіре алған адам өзгеге де, өзіне де қиянат жасамасы, жақсылық пен мейірімділікке жақын болары сөзсіз. Есіңізде болсын: «Жат ағым жарылқамайды!…»
Автор: Жетісу радиосының тілшісі Темірлан АЙТБАЕВ