Жат ағымның ықпалына түспе


Дін – адамзат жаратылғалы бері  бірге жасасып келе жатқан әлеуметтік құбылыс. Әйгілі француз философ Анри Бергсон бір ой тұжырымында «Өткен тарихта және заманымызда ғылымды, пәлсапаны білмейтін қоғамды кездестіруге болады, бірақ  дінсіз қауым болмайды» деген екен. Ақылға салып қарасақ, барша  діннің  бастауы  бір. Негізгі ұстанымдары да ортақ. Дін барша адам баласын ізгілікке, татулыққа, мейірімділікке шақырады. Тек діни ғұрыптар мен рәсімдер бойынша ерекшеліктердің кездесуі  заңды. Мақсат біреу болғанымен, оған жетудің жолдары сан тарау.

Қазіргі ғылым мен технология дамудың шырқау шегіне шыққанына  және  адамзат баласы бірін-бірі оңайлықпен тани алатын мүмкіншіліктерге ие болғанына қарамастан, соңғы  жылдары  діни экстремизм мен терроризм  тақырыптары  бұқаралық ақпарат құралдарында жиі орын алуда. Осы орайда елбасы Н.Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында: «Біз  бұқара санасындағы діншіліктің артуына  әзір  болуымыз керек, онда тұрған қатерлі ештеңе жоқ. Жалпы, дін өздігінен  өнегелі ақиқаттан бөтен ештеңе үйретпейді. Жалғыз-ақ бізге  қауіп  төндіретіні  діни біліміміздің  деңгейі онша жоғары болмай отырғандығы» деген. Сондықтан да дін мәселесіне келгенде терең біліммен, саналы түсінікпен ақыл таразысына салып, дұрыс пен бұрысты, ақ пен қараны асқан мұқияттылықпен ажырата білуіміз қажет. 

Қазіргі таңда «діни экстремизм» бүкіл әлемді алаңдатып отырғаны баршаға аян. Жалпы, грек жұрнағымен аяқталатын «экстремизм» деген латын сөзі – «шектеу», яғни орталықтан ауытқу (берілген жерден тыс керу) деген мағына береді.  Яғни, тәртіпті мойындамайтын, өзінің пікірі­мен ғана іс-әрекет жасаушы дегенді  білдіреді. Ондай адамның бойында кездесетін белгілерін төмендегідей жіктеп қарауға болады.

1.      Отбасына, достарына, жұмысына қарым-қатынасының өзгеруі.

2.      Діни тақырыпта жиі сөз қозғап, дауласу, айтысып-тартысу.

3.      Өз елінің салт-дәстүріне қарсы шығу, мысқылдап  қарау.

4.      Ата-анасына бағынбау, үйінен жиі себепсіз кетіп қалу.

5.      Тамақтану тәртібінің бұзылуы, оқшаулану, бөлектену.

6.      Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден қалу.

Жат ағымның жетегіне ергендер алдымен өз құрығына түскен ізбасарын, жақтаушысын сол мемлекетпен  байланыстыратын  байланыс нысандарынан  ажыратуға әрекет жасайды. Яғни мемлекет несімен құнды болса, ата-анамыз, тарихымыз, ұлтымыз, дініміз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, дүние-мүлкіміз т.с.с құндылықтарды санамыздан жоюға күш салады. Нәтижесінде өз тілі мен салт-дәстүр, әдет-ғұрпын, ұлттық құндылықтарын жоққа шығарып, санасынан жойған адам кез келген уақытта өз Отанын да сатып кетуге дайын болмақ.

Сондықтан, мұндай жат пиғылды жандардың ықпалымен күресуде бүкіл қоғам болып атсалысу керек. Әсіресе, қоғамның жас буыны – өскелең ұрпақ санасына ұлттық құндылықтар мен патироттық тәрбиені сіңіре отырып, ұлтжанды етіп өсіру қажет. Дін бүгінгі таңда да, келер ғасырларда да қоғам назарынан тыс қалмайды. Олай болса әр нәрсеге терең білімділікпен, ақылмен, байыптылықпен қарап, жат ағымның жетегіне еріп кетуден сақтанайық!

Айгерім МОЛДАҒАЛИЕВА,

Дін саласындағы мәселелерді зерттеу 

орталығының бөлім бастығы

Мәліметпен бөлісу: