Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай аудандық орталық кітапхана «Жазықсыз жапа шеккендер» атты тарихи-тағылымдық кеш өткізді. Шараға аға буын өкілдері, қалалық білім ордаларының шәкірттері қатысып, бір мезет өткен күндерге үңілді. Бастауында қатысушылар алаш зиялыларын бір минуттық үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым етті.
Тасқа басылған тамырлы тарихымызға 1930-шы жылдардағы ұлтымызды қынадай қырған ашаршылық пен 1937-38 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін кезеңдері айрықша ақтаңдақтарын қалдырды. Өсетін ел қашанда өткенін ескереді, сабақ алады, құрметтейді. Ұлтымыздың басына қайғының қара бұлтын үйірген осынау кезеңдерді келер ұрпақ ешқашан ұмытпауы тиіс. Аталмыш кештің басты мақсаты да осы болды. Шараны жүргізушілер сол бір сұм жылдардан мол мағлұмат беріп, қатысушылар назарына қасіретті жылдар жылнамасын арқау еткен бейнебаянды ұсынды. №1 мектеп-гимназияның 6 сынып оқушысы Әлихан Ахметхан белгілі ақын Ғ.Жайлыбайдың «Қара орамал» поэма-реквиемінен «Мамочкина моласы» өлеңін оқып, ешбір жазықсыз құрбан болған сәбилердің бейнесін санада сомдады. Атақты «Қарлагта» ересектермен бірге «Халық жауларының» жарлары, балалары да мерзімдерін өтеген болатын. Қарағанды облысы, Абай ауданы, Жартас кентіне жақын орналасқан осынау «Мамочкина моласында» мыңдаған бейкүнә сәбилер жергенген деген деректер бар. Аудандық орталық кітапхананың библиографы Лаура Құлымбетова арнайы жасақталған тақырыптық көрмеге қойылған туындылармен жекелей таныстырды. Жиынды аға буын өкілдері қорытындылап жазықсыз жапа шеккендердің есімін мәңгі ұмытпау, оларға тағзым ету, өткеннің ақтаңдақтар ақиқатына терең мән беру бүгінгі ұрпақтың парызы екендігіне тоқталды.
П.ЖЕҢІСХАН.