Алматы облысында жасыл энергетиканы одан әрі дамытуға және өзімізде өндірілетін электр энергиясы көлемін ұлғайтуға ықпал ететін, қуаты 50 МВт болатын жел электр стансысы салынуда. Нысан Сарқан ауданының аумағында орналасады.
Жалпы, бүгінгі күні Жетісу аймағында жаңартылатын энергия көзінің 31 нысаны бар, олардың жалпы қуаты – 317,67 МВт, соның 18-і – су электр стансысы, жетеуі – жел электр стансысы, алтауы – күн электр стансысы.
Облыстың электр тұтыну қажеттілігі 589,48 МВт, соның 382 МВт өзімізде өндіріледі, оның 72 МВт-ы жаңартылатын энергия көздерінің үлесінде. Сарқан аудандық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, Лепсі өңіріндегі ЖЭС қазіргі кезде аудан аумағында іске асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың бірі. «Абай-2 ЖЭС» ЖШС өкілдері құрылыс жұмыстарын 2019 жылдан бастады, 2022 жылы аяқталады деп жоспарлап отыр. Маңызды нысанға ең алдымен жол тартылды. Қазір мамандар қондырғылардың іргетасын құюда. Құрылыс алаңында 100-ге тарта адам жұмыс істейді.
«Бұл – қуаты 50 МВт-тан асатын жаңа ЖЭС. Жыл соңына дейін алғашқы 6 жел қондырғысы орнатылып, іске қосылады», – дейді аудан әкімі Талғат Қайнарбеков.
Атап өтсек, ЖЭС Лепсі ауылынан 80 шақырым жердегі жазықта орналасқан. Онда әрқайсының қуаты 3,2 МВт болатын 16 жел қондырғысы болады. Бағаналардың биіктігі 100 метрге, жел дөңгелектері қалақтарының биіктігі 70 метрге жетеді. Нысанның салынуы арқасында ауданға 19,3 млрд.теңге инвестиция тартылды.
Жалпы 2021–2025 жылдары іске қосылуы тиіс облыстағы жаңартылатын энергия көздері нысандарының тізбесіне жалпы қуаты 424 МВт болатын 27 жоба кіреді (ГЭС–15, ЖЭС–9, КЭС-1, БИОЭС-2). Бұл жобаларды іске асыру аймақтың өзі өндіретін жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 2025 жылға қарай 42 пайызға дейін арттырады.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.