Жемқорлыққа қарсы  жұмыстар қорытындыланды

Жақында «AMANAT» партиясы Сарқан аудандық филиалының ғимаратында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар қорытындыланған басқосу болып өтті. Шараны аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Дамир Каипов ашып, қоғамның басты жауына айналған жегі құрт сынды жемқорлықтың алдын алудағы ағарту жұмыстарының маңыздылығына жан-жақты тоқталды.

Жиын барысында сондай-ақ Сарқан ауданы әкімі аппаратының заң және мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің басшысы Айбек Рысхановаталмыш бағыттағы шаруаны арқау еткен баяндама жасап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениетті қалыптастыру бойынша өткен жылы жүйеленген нақты жұмыстарды тілге тиек етті. Айбек Тілеубекұлының сөзіне сүйенсек аудан бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында аудан әкімдігінің қаулысымен құрылған «Сарқан ауданы әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі 17 адамнан тұратын ведомствоаралық комиссия» тұрақты негізде жұмыс жүргізіп келеді.

Өткен жылы тоқсан сайын комиссияның тұрақты отырыстары өткізіліп, онда қоғам кеселінің алдын алу бойынша 13 жоспарлы сұрақтар қаралып, мекеме басшылары, қала және  ауылдық округ әкімдерінің есептері тыңдалған. Жыл қорытындысы бойынша аналитикалық мониторинг әзірленіп, жұмысшы топтың 2023 жылға арналған жұмыс жоспары тиянақталған.

Сонымен қатар 2022 жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша мынадай іс-шаралар жүзеге асырылған. Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, бүкіл қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа тарту және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында Сарқан қаласы мен ауылдық округтерде сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне «нөлдік» төзімділік атмосферасын құру мақсатында аудандық деңгейде 13 кездесу өткізіліп, оған 3247 адам қатысқан. Сондай-ақ, 11 билборд орнатылып, әлеуметтік желілерде 2 тақырыптық бейнеролик әзірленіп, орналастырылса, аудандық «Сарқан» газетіне 36 мақала жарық көріп, ресми сайттарға жарияланған. Әлеуметтік желілерге 178 жарияланым салынған. Қоғамдық орындарда және әлеуметтік желілерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық плакаттар ілініп, үгіт-насихат құрылғылары таратылған. Мемлекеттік органдардың кіре берісіне «Пара берме, пара алма!», «Бір пара екі қылмыскер», «Сыбайлас жемқорлық қоғам дерті» тақырыптарында шығарылған 5 мольбердтер орналастырылған.

Ауылдық деңгейде тұрғындарымен бармақ басты, көз қыстылыққа қарсы құқықтық мәдениет қалыптастыру бағытында да бірқатар істер қолға алынғандығын атап өткен Айбек Тілеубекұлының — жер қатынастары саласын реттейтін «Аудандық жер комиссиясы» және тұрғын үйді жекелендіру, кезекке қою мәселесін қарастыратын «Тұрғын үй комиссиясы» да аудан әкімі аппаратының тікелей бақылауында. Аталған комиссия құрамының жартысын үкіметтік емес ұйымдардың өкілі құрайды. 2022 жылдың қорытындысына бойынша Сарқан ауданы әкімдігіне бағынысты мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қатысты сыбайлас жемқорлықтық іс-әрекет фактісі тіркелген жоқ,- деп сөзін қорытындылады.

Жиын аясында аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Дамир Әбдіжәмілұлы жүйелі жұмыстарымен құқық бұзушылыққа «нөлдік» төзімділікті қалыптастыруға қосқан үлесі үшін бірқатар жандарды Алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.

П.ЖЕҢІСХАН.

Мәліметпен бөлісу: