Жер түйткілдері – жиын арқауы

Апта басында аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында қазіргі таңдағы өзекті тақырыптардың бірі әрі бірегейі санатындағы – жер қатынастары мәселеріне арналған семинар өткізілді. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Арман Мұқанов төрағалық жасап жүргізіп отырды.

Негізгі мәселе бойынша баяндаманы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы республикалық арнайы мониторингтік тобының мүшесі, жер қатынастары мәселелері жөніндегі жетекші сарапшылардың бірі, аталмыш салалар бойынша тәжірибесі мол заңгер Бақытжан Базарбек жасады. Бүгінгі күнге дейін 18 ірі кездесулерге қатысып, 1000-нан астам сұрақтарға жауап берген, еліміздегі 167 аудан орталықтарына ат басын бұруды жоспарлаған мейман көптеген мән-жайлардың басын ашып, көпшілікпен еркін әңгіме-дүкен құруға пейілді екендігін танытты. Семинардың басты мақсаты жергілікті тұрғындарға құқықтық көмек көрсету екендігін тілге тиек еткен Бақытжан Жұмабекұлы жиналғандарды жер кодексіне енгізілген, енгізілетін өзгерістерден хабардар етіп, өзгеріске түскен нақты баптармен таныстырды. Мемлекеттік мүлік туралы заңға енгізілген өзгеріс, әрбір ел азаматына тиесілі 10 сотық  жерді алудың жөні де басқосуда сөз болды. Сондай-ақ мейман  таяу болашақта жүзеге аса бастайтын жаңашылдықтар турасында, оның ішінде қазіргіден де зор мүмкіндіктер сыйлайтын электронды үкімет, оның қарапайым жандарға беретін артықшылықтары жайында өз ойын білдірді.

Жиын соңында сұрақ-жауап форматына кезек беріліп, қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарды қоюға мүмкіндік алды.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: