Жерлестерімен жүздесті

Қойлық ауылының даңқын шығарып, атын аспандатып жүрген танымал перзенттерінің қатарында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Төлеубек Мұқашевтің есімі аталады. Кезінде Алматы қаласының мәслихатын ұзақ жылдар басқарған Төлеубек Төлеуұлы қандай қарбалас қызметтерде жүрсе де туған ауылына ат ізін салып, жерлестерінің тыныс-тірлігін назардан тыс қалдырып көрмеген азамат. Осы жолы да туған жердің түлегі жерлестерімен жүздесуде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым –Жомарт Тоқаевтың ант беру рәсімінде сөйлеген сөзінен туындайтын басым бағыттарды талдап – таразылап, жергілікті өзін-өзі басқару заңына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.

Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Ермұхан Жақыпбеков көпшілік көкейінде жүрген бірқатар мәселелерді ортаға салды. Ауылда тұрған соң мал ұстамай болмайды, тіршіліктің барлық қарекеті малмен өтеледі. Дегенмен де жайылымдық жердің, жайлаудың тарлығынан мал басын шектеп ұстауға тура келуде. Жайылым Ащыбұлақтың бойында, жаз бойы қара шаңы шығып жатады. Жайлау Бастаушыда, оның да жарым-жартысы жекеменшіктің иелігінде.

Ауызсу Лепсі өзенінен тартылады, сапасы, әрине,  талапқа сай емес. Сонымен қатар биыл жаз бойы тұрғындардың ауласындағы бау-бақшасы судан қаталады. Мамандар су деңгейі төмен, ауыл тұрғындары арықтарды тазаламайды деген сылтау айтады. Ауылға келетін суды өзінің егістігіне бұрып алатын бейбастақтық та бар. Бұл мәселе шешімін таппаса аулалар қу тақырға айналып, ауылдықтар бақша өнімдерін сатып алатын болады.

Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияда күндіз ем қабылдаушылар үшін бес төсек қана бар. Оннан астам ауылдың орталығындағы іргелі елді мекен болғандықтан науқастардың жата-жастана емделуіне мүмкіндік беретін аурухана Қойлыққа қажет –ақ.

Ақсақалдар алқасы төрағасының сөзін М.Жұмабаев атындағы орта мектеп директоры Жанар Иманалиева толықтырды. Ауылда спорт мектебі, балалар шығармашылық үйінің филиалы болса таланттарды қолдап, дарындыларды шыңдауға жол ашылар еді. Үйірмелер жүргізетін мамандар табылады, бірақ штат жоқ. Осындай мәселелер көтерілген жүздесу соңында сенатор Төлеубек Мұқашев ауылдағы әлеуметтік нысандардың бүгінгі тынысымен танысты. 

Келесі күні Сарқан аудандық мәслихатындағы кездесу барысында Төлеубек Төлеуұлы халық қалаулыларының, қоғамдық бірлестік өкілдерінің жергілікті өзін-өзі басқару заңына толықтыру енгізу мақсатындағы ұсыныстарымен жан-жақты танысты. Алдымен аудандық мәслихат хатшысы Қадыр Абдрахманов күн тәртібіндегі мәселе бойынша нақты ұсыныстарын ортаға салды. Аудандық қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Жәлел Сасанбаев елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқталса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадыл Жанасбеков дәрі-дәрмектің қымбаттығын сөзіне арқау етіп, Сенат депутатынан Парламент қарауында жатқан ардагерлер туралы заңды бекітуге ықпал тигізуін өтінді. Кездесуде сөз алған облыстық мәслихат депутаты Жамал Құлахметова, аудандық мәслихат депутаттары Сания Елюбаева, Аслан Абдрахманов, Мұрат Түсіпов көкейкесті мәселелерді қозғады. Атап айтқанда оқу-тәрбие үрдісіндегі реформалардың, ауыл шаруашылығын субсидиялау ережесінің селкеуліктері, құрылысы аяқталмай елді әуре-сарсаңға салған Талдықорған –Лепсі жол күйінің жолаушылар жүйкесіне тиіп жүргендігі көптің көкейінде сақталған сауалдар екені анық. Алдағы уақытта осы және басқа да орынды ұсыныстар жинақталып, тиісті орындарға ұсынылатын болады.

Сенат депутатының жұртшылықпен жүздесуінде көтерілген мәселелер Президент  сөзінен туындайтын негізгі бағыттармен үндесіп, болашаққа бағдар белгіленді.

                                                                                       Жомарт ИГІМАН,

Алматы облысы Сарқан аудандық мәслихатының депутаты.

Мәліметпен бөлісу: