Астана уақытымен еліміздің Солтүстік, Шығыс, Орталық және Оңтүстік өңірлерінде дауыс беру бір сағат бұрын аяқталған, деп хабарлайды «Хабар 24». Ал Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында сайлау учаскелері енді ғана жабылды. Сонымен бірге сағат 19:00-дегі жағдай бойынша Корея Республикасы, Жапония, Қытай, Сингапур секілді он елде сайлау науқаны мәресіне жетті. Қазір санақ жүргізіліп жатыр. Орталық сайлау комиссиясының баспасөз орталығынан арна тілшісі Бақыт Топтаева соңғы ақпаратты баяндап берді. Бақыт Топтаева, тілші: – Сағат 20:00-де кете Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың 69 проценті дауыс бергенін хабарлады. Дәлірек айтқанда, 8 млн 282 мың 607 азамат саяси науқанға қатысты. Жетісу облысы дауыс беру белсенділігі жөнінен көш бастады. Дауыс беруге құқылы азаматтардың 81,43% дауыс берген. Түркістан, Қызылорда және Абай облыстарында дауыс беру көрсеткіші 80 проценттен сәл асады. Сонымен қатар, дауыс беру белсенділігі жөнінен Қостанай, Ақмола, Қарағанды өңірлері жақсы нәтиже көрсетті. Бұл аймақтардағы сайлаушылардың 78-79 проценті өз таңдауын бюллетень арқылы білдірген. Ал енді Астана, Шымкент және Алматы қалаларында сайлауға қатысу белсенділігі бөлек есептелген. Үштіктің көшбасында дерлік 60 пайыздық көрсеткішпен Шымкент; одан кейін 49 % Астана, және соңғы орында 29% көрсеткішпен Алматы тұр. Дегенмен дауыс берушілердің белсенділігін бағамдау әлі жалғасып жатыр. Сағат 22:00-де Қазақстандағы электорат мен кейбір шет елдегі учаскелерге келген сайлаушылардың нақты саны айтылмақ. Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс Президенттік сайлаудың нәтижесін он күннің ішінде жариялайды. Ал дауыс берудің алдын ала нәтижесі түн жарымында жария болмақ. Ол туралы алдағы шығарылымдарда міндетті түрде жеткіземіз.
Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/sayasat/item/574242-zhetisu-iri-sajlauda-k-sh-bastady-live