
Жазғы демалыс кезінде Жетісу облысында екі негізгі бағыт бойынша жастарды жұмысқа орналастыру белсенді жұмыс жүргізілуде. Олардың біріншісі — қала мен ауылдарды абаттандыруға, әлеуметтік мекемелер мен мәдениет ұйымдарында көмек көрсетуге бағытталған қоғамдық жұмыстар. Бұл бағытта жастар күніне 8 сағаттан жұмыс істейді, оларға 103 800 теңге мөлшерінде жалақы белгіленді, оның ішінде салықтарды шегергеннен кейін қолына нақты алынатын сома 83 мың теңгені құрайды. Екінші маңызды бағыт, 16-35 жас аралығындағы жастарды қамтитын «Жасыл ел» бағдарламасы. Маусымнан тамызға дейін созылатын бұл жоба аясында жастар ормандарды қалпына келтіруге, ағаш отырғызуға және саябақтарды көгалдандыруға қатысады. Олардың жалақысы 85 мың теңге мөлшерінде бекітілді, ал қолдарына нақты 64 565 теңге төленеді. Жазғы жұмыс орындары жастар алдында табыс тауып қана қоймай, еңбек дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мансап орталығы жастар мен жұмыссыз азаматтарға бірнеше қосымша мүмкіндіктер ұсынады. Жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері үшін алғашқы кәсіби тәжірибе алу үшін «Жастар тәжірибесі» қарастырылған, онда жалақы мемлекет есебінен толық төленеді. Сондай-ақ жұмыссыздар үшін ұзақтығы 3 айдан аспайтын, жаңа мамандық алуға мүмкіндік беретін қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары ұйымдастырылады. Курстарға қатысушыларға стипендия төленеді.
Өз ісін ашқысы келетін азаматтар үшін «Еңбек» бағдарламасы және «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде 400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік қайтарымсыз гранттар бөлінеді. Бұл конкурсқа тіркелген жұмыссыздар, тіркеу мерзімі 3 жылға дейінгі жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ көп балалы және аз қамтылған отбасылар, мүгедектігі бар адамдар және қандастар сияқты халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері қатыса алады.
Жыл басынан бері орталықта жұмыс іздеушілер ретінде 6 мыңға жуық адам тіркелді, олардың 1210-ы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылды, ал 550 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. Тіркелгендердің 800-ден астамы жастар екенін ескере отырып, орталық мамандары тұрақты жұмыс орны бар азаматтарды жұмыссыз ретінде қайта тіркеуге жол бермеу үшін тұрақты негізде мониторинг жүргізеді. Бүгінгі таңда жұмысынан айырылуына байланысты 1389 адам мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алуда.
