Жетісу облысына – 4 жыл: «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында Көксу ауданында 40 медицина қызметкеріне тұрғын үй берілді

Жетісу облысы құрылғаннан бері Көксу ауданында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 40 медицина қызметкеріне тұрғын үй берілді. Аталған кезеңде 14 жаңа нысан салынып, 2 нысан күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл туралы облыс әкімінің аудан халқымен кездесуі кезінде айтылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар кадр тапшылығын шешу мақсатында өңірде қолға алынған медицина қызметкерлерін қолдау шараларының арқасында бір ғана Көксу ауданының өзіне соңғы 4 жылда 83 дәрігер келген. Соның нәтижесінде ауданда дәрігер тапшылығы мәселесі шешілді, әзірге тек 2 акушер-гинеолог қажет.

Өз кезегінде 10 жылдық тәжірибесі бар жалпы тәжірибелік дәрігер Мөлдір Шынжырбай былай дейді:

– Біз Зылиқа Тамшыбай ауылының, Кеңарал және Бесқайнар ауылдарының тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеміз. Біздің амбулаторияда акушер, физиотерапия, процедуралық кабинеттер, күндізгі стационар, зертхана бар, жедел жәрдем көлігі қызмет көрсетеді. Күнделікті орта есеппен 25–30 науқасты қабылдаймыз, сонымен қатар түстен кейінгі аралау да жүргізіледі. Күніне орта есеппен 8 үйге барамыз — бұл көбіне қарттар, мүмкіндігі шектеулі жандар және балалар. Амбулаторияға жүргізілген жөндеу жұмыстары медициналық қызмет сапасын арттыруға елеулі ықпал етеді. Мұнда пациенттерге де, дәрігерлерге де өте қолайлы жағдай жасалған. Жалпы алғанда, мемлекет тарапынан аудан дәрігерлеріне жақсы қолдау көрсетіліп отыр, – деді ол.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі туралы жергілікті тұрғындар да өз пікірлерін білдірді.

– Біздің амбулатория 90-жылдары салынған болатын. Осы уақыт ішінде ғимарат ескіріп, жағдайы жаңа талаптарға сай келмейтін күйге түскен еді. Талдау тапсыру үшін аудан орталығына баратынбыз. Енді күрделі жөндеу жүргізілгеннен кейін мұнда барлық жағдай жасалған, жалпы ыңғайлы, жарық әрі заманауи болды. Зейнет жасына жеткен мамандардың ісін жас мамандар жалғастырып отыр. Олардың барлығы өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, науқастарға құрметпен қарайды, кез келген уақытта көмек көрсетуге дайын, – деді З. Тамшыбай ауылының тұрғыны Мырзагелді Қожабергенов.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев, Қанат Өмірәлинов

Мәліметпен бөлісу: