
Жетісу облысы құрылғаннан бері өңірде әлеуметтік нысандардың 55,8 % жаңарды, яғни 276 нысан жаңа кейіпке енді. Соның 20-сы Көксу ауданында салынды, тағы 3 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Аудан тұрғындарымен кездесуі барысында Бейбіт Исабаев әлеуметтік саланы дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

– Облыс құрылғаннан бері Көксу ауданында 6 білім беру ы, 16 денсаулық сақтау және 1 мәдениет нысандары салынды және күрделі жөндеуден өткізілді. Оның ішінде өткен жылы Қызылтоған, Бесқайнар, Жетіжал, Қаратал елді мекендерінде жаңа медициналық нысандар пайдалануға берілді. Сонымен қатар З. Тамшыбай ауылындағы дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар биыл да жалғасуда, – деді облыс әкімі.

Қазіргі таңда Бозтоған ауылындағы Мұсабек атындағы орта мектеп ғимаратында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл қуанышты жаңалықты әсіресе оқушылардың ата-аналары жылы қабылдады. Солардың бірі – мектеп бітіруші түлектің анасы Арайлым Жұманова пікірін білдірді.

— Біз, ата-аналар мектептегі жөндеу жұмыстарымен танысып, кабинеттерді аралап көрдік. Барлығы әдемі, жайлы, заманауи деңгейде жасалыпты, жаңа жиһаз, құрал-жабдықтар мен техникалар ерекше ұнады. Менің қызым осы мектепте оқып, биыл «Алтын белгімен» бітірді. Жөндеуден кейін мектебіміз тіпті қала мектептерінен бір мысқал да кем емес болып шыққан. Балаларымыз осындай заманауи мектепте оқитынына қуаныштымын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсеткен барлық азаматтарға алғысымды білдіремін, – деді көп балалы ана.
Атап өтсек, ғимаратқа жөндеу жүргізген мердігер мекеменің прорабы Сәкен Сабитовтің айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылдың мамыр айында басталған. Жоба аясында ғимаратқа сейсмикалық күшейту жасалып, жөндеу және абаттандыру жұмыстары атқарылған. Сонымен қатар жөндеу барысында жаңа стадион, волейбол мен баскетбол алаңдары салынды. Мектепте модульдік қазандық орнатылып, енді ғимарат табиғи газбен жылытылатын болады.

Өңір басшысы атап өткендей, Балпық би ауылында жаңа шағын ауданның бой көтеруіне байланысты 600 орынды жаңа мектеп салу туралы шешім қабылданған. Жоба мемлекеттік сараптамадан өткен, қаржыландыруға бюджеттік өтінім берілген.
Сонымен қатар маусым–шілде айларында Талапты орта мектебі жанындағы стадионды абаттандыру және «Қуаныш» балабақшасының ауласын жөндеу жұмыстары аяқталады. Маусым айында «Балдәурен» балабақшасы ғимаратының ағымдағы жөндеуі аяқталады, ал шілде айының соңында Қ. Жалаири атындағы мектеп-гимназияның жылу жүйесін жаңарту жұмыстары бітеді деп жоспарланған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Дмитрий Ерофеев, Қанат Өмірәлинов
