Жетісу облысында 3 млн-ға жуық ауыл шаруашылығы жануары бірдейлендірілді

Жетісу облысында ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті ауруларының алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда. Бүгінде 3 млн-ға жуық мал бірдейлендіріліп, электрондық дерекқорға енгізілді.
2026 жылға аса қауіпті аурулардың 14 түрі бойынша 11,8 млн доза вакцина жоспарланған. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша жоспардың 90%-ы орындалды.
Бруцеллез ауруын диагностикалауға ерекше көңіл бөлінуде. Зерттеу жоспары 100%-ға орындалды. Оң нәтиже көрсеткен жануарлар санитариялық союға жіберілді. Жыл басынан бері өңірде бруцеллез бойынша екі қолайсыз ошақ тіркеліп, екеуі де толық сауықтырылды. Жалпы облыстағы эпизоотиялық ахуал тұрақты және тұрақты бақылауда.
Сонымен қатар саланың материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. 2023-2026 жылдары осы мақсаттарға 2,9 млрд теңге бөлініп, 83 бірлік арнайы автокөлік сатып алынды.
Ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. 2023-2026 жылдары 82 ветеринариялық пункт пен 5 ветеринариялық станция салу көзделген. Биыл 16 ветеринариялық пункт, 4 ветеринариялық станция және 10 мал қорымының құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде жыл соңына дейін ветеринариялық пункттерге деген қажеттілікті толық өтеу жоспарланып отыр.

Мәліметпен бөлісу: