Жетісу облысында 35 мыңнан астам тұрғын волонтерлік бастамаларға атсалысты

Қазақстандағы волонтерлік қозғалыс тұрақты дамып, азаматтық қоғамды нығайтудың маңызды тетіктерінің біріне айналып келеді. Соңғы 6 жылда волонтерлік ұйымдардың саны мен белсенді еріктілер қатары 4 есеге жуық өсті. Жыл сайын 60 мыңнан астам ерікті Ұлттық волонтерлік желісінің қызметіне қатысады. Бүгінде волонтерлік саласын дамыту өңірлермен әріптестікті нығайтуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды дамытуға негізделген.
Жетісу облысында волонтерлік қозғалысты дамыту және жастардың азаматтық белсенділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде өңірде 1100-ден астам волонтер тіркелген. Әлеуметтік, экологиялық, медициналық, қайырымдылық және білім беру бағыттарында 13 волонтерлік ұйым мен 18 бастамашыл топ белсенді қызмет атқаруда. Жыл басынан бері облыста 1144 волонтерлік іс-шара ұйымдастырылып, оған 35 мыңнан астам адам қатысты. Еріктілер қозғалысының дамуына «Lider.kz», «Kaz.Eco.Patrul» және басқа да ұйымдар елеулі үлес қосып, әлеуметтік мәселелерді шешуге, қайырымдылық акцияларын өткізуге және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға белсенді атсалысып келеді.
2026 жылы волонтерлік бастамаларды қолдау мақсатында 8 бағыт бойынша әр жобаға 500 мың теңге көлемінде шағын гранттар беру көзделген. Сонымен қатар, Жетісу облысының Ішкі саясат басқармасының қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы 11 миллион теңге көлеміндегі грант аясында волонтерлік қызметті дамытуға, жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға және әлеуметтік маңызы бар бастамаларды қолдауға бағытталған арнайы жоба жүзеге асырылуда.
Халықаралық волонтерлер жылы аясында өңірде оқыту семинарлары, жастар форумдары, экологиялық, қайырымдылық және әлеуметтік акциялар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Тамыз айында еліміздің барлық өңірлерінен белсенді еріктілердің қатысуымен республикалық волонтерлер лагерін өткізу жоспарланған. Лагерь аясында тәжірибе алмасу алаңдары, шеберлік сабақтары, көшбасшылық тренингтері және әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Бұл бастамалар волонтерлік қозғалыстың одан әрі дамуына, өзара көмек мәдениетінің нығаюына және қоғамдағы азаматтық жауапкершіліктің артуына ықпал етеді.

Мәліметпен бөлісу: