Жатыр мойны обырынан әйел адамдардың қайтыс болу дерегі жыл сайын көбейгеніне байланысты биыл адам папиломма вирусына қарсы екпе ұлттық күнтізбеге енгізілді. Қыркүйек айынан басталған вакцинация әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасова және онкогинеколог дәрігер Қуаныш Ергембеков айтып берді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жатыр мойны обырларының 95%-ы АПВ-дан туындайды. Бұл аурудың алдын алудың тиімді әдісі — вакцинация. Вирусқа қарсы «Гардасил» вакцинасы 15 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Ол Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанды қоса есептегенде 135 елдің ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізілген.
Бүгінде Жетісу облысына вакцинаның 12 мың дозасы әкелінген. Ол қыз балаларға екі кезең арқылы салынады. Қазіргі уақытта екпемен 3880 қыз бала қамтылды. Вакцинациядан кейін жағымсыз әсерлер тіркелген жоқ.
Айта кетейік, Жетісу облысында 600-ге жуық әйел адам жатыр мойны обырымен есепте тұр. Оның ішінде ең жасы 24 жаста.