Биыл жазғы маусымда Жетісу облысы бойынша 9 маусымдық, 1 киіз үйлік балаларды сауықтыру лагерлерін іске қосу жоспарлануда. Олардың арасында Алакөл ауданындағы «Шағала» және «Жалын», Ақсу ауданындағы «Тамшыбұлақ», Ескелді ауданындағы «Көктөбе», Көксу ауданындағы «Қарлығаш», Панфилов ауданындағы «Қарлығаш», сондай-ақ, Текелі қаласында «Алтын Шажа», «Эдельвейс» және «Бастау» сияқты нысандар болады. Бұл туралы Б. Құранбек атындағы Журналистер үйінде Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Самат Ахметов пен Жетісу облысы Білім басқармасының қосымша білім беру ғылыми-практикалық орталығының директоры Айбол Қасенов айтып берді. Облыстың жалпы білім беретін мектептерінен 102,7 мыңға жуық бала, сондай-ақ, оның ішінде әлеуметтік санаттағы отбасылардан шыққан балалар осы лагерьлерде сауықтыру демалысына қатыса алады. «Бұл бастаманы қолдау үшін жергілікті бюджеттен 538 миллион теңге бөлінді. Бұл бір балаға шамамен 65 мың теңге. Балаларға туристік сапарларға, зияткерлік іс-шараларға, еңбек қызметі мен шығармашылық үйірмелерге қатысуға мүмкіндік беру жоспарлануда», — деді Айбол Қасенов. Департамент басшысының орынбасары әрбір лагерь ашылғанға дейін санитарлық нормаларға сәйкестігін мұқият тексеру жүргізіліп, тиісті санитарлық-эпидемиологиялық қорытындылар берілетінін атап өтті.