Жетісу облысында этнокітапхана ашылды

Жетісу облысының Талдықорған қаласындағы Достық үйі базасында этномәдени кеңістік тұжырымдамасы бойынша жұмыс істейтін этнокітапхана ашылды. Оны құру барысында Жетісу өңірінің тарихы мен өзіндік ерекшелігіне ерекше көңіл бөлінді. Интерьерді безендіруде қазақтың ұлттық мәдениетінің элементтері кеңінен қолданылды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Этнокітапхана облыс тұрғындары мен қонақтарына, жастарға, студенттерге, оқытушыларға, ғылыми қызметкерлерге, этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне және кітапсүйер барша оқырман үшін ашық. Келушілер жайлы жағдай жасалған оқу залында кітап қорын пайдаланып, кітап оқуға, өздігінен білім алуға және қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік алады.

Этнокітапханадағы кітап қоры шамамен 1500 басылым. Қорда қазақ және әлем әдебиетінің таңдаулы шығармалары, сөздіктер, сондай-ақ өңірде тұратын түрлі этностардың тілдеріндегі тарихи, ғылыми-әдістемелік және балалар әдебиеті жинақталған.

«Қоғамдық келісім» КММ директоры Айдос Игембайдың айтуынша, бұл жобаның негізгі мақсаты – әдебиет арқылы түрлі этностардың мәдени мұрасын насихаттау, қоғамдық бірлік пен келісімді нығайту, сондай-ақ жалпы кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру.

– Мемлекет басшысы атап өткендей, кітап оқуға баулу – өркениетті қоғам құрудың және озық ұлт қалыптастырудың басты шарттарының бірі. Сондықтан азаматтарымыздың, әсіресе жастардың арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауымыз керек. Бүгінгі ашылып отырған этнокітапхана – осы ұстанымның жарқын көрінісі. Мәдениеттердің өзара жақындасуына ықпал ететін бұл жобаның басты мақсаты – өңірде ғылыми ортаны қалыптастыру және Қазақстанның этносаясат саласындағы бірегей моделін зерделеу. Алдағы уақытта кітапхана оқу-әдістемелік орталықтың негізіне айналады деп жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта жастар мен ғылыми қауымдастық өкілдерін кеңінен тартатын боламыз. Сонымен қатар өңірдің этнодемографиялық және этномәдени ерекшеліктерін қамтитын Жетісу облысының этнокартасы заманауи цифрлық жобасын әзірледік, – деді А.Игембай.

Іс-шараға қатысқан өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері этнокітапхананың ашылуы Достық үйінің мәдени-ағартушылық қызметін дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болғанын атап өтті. «Кітапхана қоры тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, Қазақстанда тұратын этностардың тарихымен, мәдениетімен және тілдерімен танысуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол өңір тұрғындарының рухани және зияткерлік дамуына ықпал ететін заманауи мәдени кеңістікке айналады деп сенеміз», – деді олар.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотограф: Қанат Өмірәлинов

Мәліметпен бөлісу: