
Өңірде 40-76 жас аралығындағы әйелдер үшін тегін скрининг қарастырылған. Сонымен қатар осы ай бойы облыс аумағындағы емханаларда 10, 17, 24 және 31 қазанда ашық есік күндері өтіп, онколог дәрігерлердің кеңесіне жүгінуге болады. Бұл қызметтер МӘМС мәртебесіне қарамастан қолжетімді.
Облыста сүт безі обырын ерте анықтау көрсеткіші артып келеді. Жыл басынан алғаш рет анықталған 126 жағдайдың 116-сы, I–II сатыда тіркелген.
Осы тұста скринингтік тексерулер ауруды ерте анықтауда маңызды рөл атқарады. Оның нәтижесінде 2024 жылы 50, 2025 жылы 85, ал 2026 жылдың 9 айында 68 жағдай анықталған.
Қазіргі таңда облыста сүт безі обыры диагнозымен 1875 әйел диспансерлік есепте тұр.
Мамандар әйелдерді профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп, жасына сәйкес маммографиялық скринингке қатысуға шақырады. Сүт безінде қандай да бір өзгеріс байқалған жағдайда дәрігерге дер кезінде қаралу маңызды.
Сүт безі обырымен тек әйелдер ғана ауырмайды. Сондай-ақ, ер адамдар да осы ауруға шалдығады екен. Спикердің айтуынша, сүт безі обырына тек жасы егде кісілер емес, жұмысқа қабілетті жастағы адамдар да шалдығады. Атап айтсақ, көбінесе гормоналдық өзгерістердің нәтижесі, тұқым қуалаушылық, отбасында сүт безі обырының болуы, кеуде қуысының сәулеленуінен болады.
