Жетісу облысында тұтынушыларға 41 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды


Облыста тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында бірқатар жұмыстар атқарылды. Жетісу облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің деректеріне сәйкес, бүгінгі күнге 643 азаматтың өтініші тіркелген. Оның ішінде 138-іне құқықтық көмек көрсетіліп, 368-іне ақпараттық түсініктеме берілді. 162 рет мемлекеттік бақылау жүргізілген. Ал сотқа 31 тұтынушының шағымы жеткен. Нәтижесінде тұтынушыларға қайтарылған қаражаттың жалпы көлемі 41 млн теңгеден асты.
Шағымдардың басым бөлігі бөлшек сауда, электрондық сауда, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер, тұрмыстық қызметтер және туристік қызметтер салаларынан түскен.
Жыл басынан 12 профилактикалық тексеру барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны заңсыз көтеру фактілері анықталды. Бұзушылықтар үшін 99 кәсіпкерге ескерту жасалды. Сонымен қатар, бірқатар субъектілерге жалпы көлемі 674 мың теңгеден астам айыппұл салынған.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша да жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 237 мың теңгеден астам айыппұл өндірілді.
Сонымен қатар департаментке соңғы уақытта аквапарк пен демалыс базаларына тамақ пен сусын алып кіруге қатысты сұрақтар жиі түсуде. Заңнамаға сәйкес, кәсіпкер мұндай шектеулер туралы алдын ала хабарлауы тиіс. Егер ескерту жасалмаса, тұтынушы өзімен бірге тамақ пен сусын кіргізуге құқылы.
Мекеме тұтынушыларға қызметтер туралы толық әрі анық ақпарат алу, қауіпсіздік және еркін таңдау құқығы заңмен қорғалатынын еске салады. Шағымдар eGov порталы, Telegram-бот немесе Департамент арқылы қабылданады.

Мәліметпен бөлісу: