
Жетісу облысында дәндік жүгері жинау науқаны жалғасуда. Бүгінгі күні 62,7 мың гектар алқаптың 13,8 мың гектары жиналып, 104 мың тонна жүгері бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 75,2 центнерді құрап отыр. Өнімділіктің артуына агротехнологияларды тиімді қолдану және суару ісіне озық технологияларды енгізу оң әсерін тигізуде, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Дала аруы» Панфилов ауданындағы негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының бірі саналады. Ауданда жүгері өсірумен үш мыңға жуық шаруа қожалығы айналысады. Биылғы жылы жүгері алқаптарының жалпы көлемі 25 мың гектарға жетті. Қазіргі кезеңде өнім жинау жұмыстарына 40 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған, оның 36-сы – заманауи комбайндар.
Мұндай комбайндар бір жүріп өткеннің өзінде бірнеше операцияны қатар атқарады: собықты сабақтан ажыратып, дәнін бөліп алады, оны бункерге жинайды. Бұл егін жинау қарқынын арттырып, өнім шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

Ылғал үнемдеу технологияларын қолданудың арқасында дақылдардың өнімділігі артты. Мәселен, Үлкеншыған ауылдық округіндегі «Айгерім» шаруа қожалығында биыл жүгері 250 гектар алқапқа егілген. Оның 150 гектарында тамшылатып суару технологиясы қолданылады.
«Жалпы алқаптың 100 гектары жиналып болды. Арықпен суарылатын алқаптарда өнімділік гектарына 9-10 тоннадан айналса, тамшылатып суару технологиясы қолданылатын жерлерде бұл көрсеткіш 18 тоннаға дейін жетіп отыр», – дейді шаруа қожалығының басшысы Ұлан Сәрпеков.
Жүгері өсірумен табысты айналысып келе жатқан шаруашылықтардың бірі – Тудахун Заитовтың қожалығы. Ол егін шаруашылығымен 20 жылға жуық уақыттан бері айналысып келеді. Биыл жүгері егуге 4 гектар жер бөлінген. Мұнда тұрақты түрде 10-ға жуық адам еңбек етеді.
«Биыл өнім жақсы болды, собықтары ірі. Ендігі басты міндетіміз – өнімді уақытылы жинап алу. Ауа райы әзірге жұмысқа қолайлы болып тұр, сондықтан бір күнді босқа жібермеуге тырысамыз. Өз алқабымыздағы жұмысты шамамен төрт-бес күнде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Одан кейін қалған өнімді бастыруға жібереміз. Жүгерінің басым бөлігін зауытқа өткіземіз. Бұл біз үшін тиімді, өйткені жиналған өнім бірден әрі қарай өңдеуге жіберіледі», – дейді диқан.
Жүгеріні жинау аяқталғаннан кейін атқарылатын жұмыс та аз емес. Жиналған дән мұнан кейінгі маңызды кезең – кептіру процесінен өтеді. Бұл дәннің ылғалдылығын қажетті деңгейге жеткізіп, оны сапалы сақтауға және әрі қарай өңдеуге дайындау үшін қажет. Әдетте кептіру жұмыстары төрт-бес күнге созылады. Осы кезеңнен кейін дайындалған дән сақтау қоймаларына немесе одан әрі өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға жөнелтіледі.
Мәселен, «Оразбай Берік» шаруа қожалығында арнайы кептіру кешені тәулігіне 250-300 тонна жүгеріні кептіруге мүмкіндік береді.
«Өткен жылы 400 гектар жерге жүгері егіп, 2700 тонна өнім алдық. Шаруашылығымызда орнатылған дән кептіргіштер автоматтандырылған. Олардың жұмысын тәулік бойы 6 адам бақылап отырады. Кептірілген жүгеріні өз қоймаларымызға жөнелтеміз, бір бөлігін сатамыз, сондай-ақ мал бордақылауға пайдаланамыз», – дейді шаруа қожалығы қоймасының меңгерушісі Серік Сауранбаев.
Атамекен ауылында орналасқан жүгеріні сұрыптау, сақтау және кептіру алаңы да өнім қабылдау жұмыстарына кіріскен. Мұнда 50 маман еңбек етеді. Кешен бір мезгілде 3 мың тоннаға дейін жүгері қабылдауға қауқарлы. Өнімді қабылдап, тазалап, кептіру қажетті техникамен толық жабдықталған.
Жалпы, биыл Жетісу облысының шаруалары дәнді дақылдардың жалпы түсімін 935 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл 2025 жылғы 663,0 мың тоннамен салыстырғанда 41%-ға жоғары. Қазіргі таңда бидай мен арпаны жинау жұмыстары толық аяқталды. Шаруашылықтар дәндік жүгері, майлы дақылдар мен қант қызылшасын жинауды жалғастыруда.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев
