Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исавбаев «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық жеңімпаздарын марапаттады


Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық жеңімпаздарын марапаттады.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін байқауға биыл облыс көлемінде 415 отбасы қатысқан. Бұл — республика бойынша аталған байқауға қатысу белсенділігі жағынан екінші көрсеткіш.
Салтанатты шарада байқауға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев қоғам өміріндегі отбасы құндылықтарының ұрпақ тәірбиесіндегі рөлі туралы айта келе:

Халқымыз отбасындағы өзара сүйіспеншілік пен сенім, жауапкершілік пен құрмет сезімдеріне ерекше мән берген.

Сондықтан ұлттық құндылықтардың бастауы Атамекен, туған жер, қара шаңырақ ұғымдарымен астасып жатқанын үнемі есте ұстауға тиіспіз. Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық жеңімпаздарын марапаттау рәсімі Ұлттық декада «12 тамыз – Халықаралық жастар күні» он күндігі аясында өткізіліп отыр. Отбасы мен жастар егіз ұғым. Сол себепті, осы жерде аты аталып, өмірі мен тарихы көрсетілген әулеттер жас буынға үлгі болады деп сенемін, – деген Б. Исабаев.


Жалпы байқаудың облыстық кезеңіне аудан-қалалардан 30 отбасы іріктеліп шығып, соның ішінде 5 отбасы жүлделі орынға, 5-еуі ынталандыру сыйлығына ие болды. Байқаудың жалпы жүлде қоры – 2 млн. теңге.
Сонымен, «Мерейлі отбасы» байқауының І орын жүлдесіне Алакөл ауданынан Әлекеевтер отбасы ие болды. Бүгінде бұл әулеттегі 11 бала мен 40 немере қоғамның дамуына өз үлестерін қосып, «Алтын алқа» иегері, әулеттің ұйытқысы Раәбиға ана 27 шөбере тәрбиелеп отыр.


Екінші орын көксулық Үзембаевтар мен Қаратал ауданының тұрғындары Смағұловтарға берілді. Бұл ретте Смағұловтар әулеті қайырымдылық қорында волонтер болып, 500-ден астам мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, 20-дан астам отбасының үйлі болуына себепкер болған.


Сол сияқты ІІІ орынға ие болған Кербұлақ ауданының тұрғындары Қасеновтар мен Сарқан ауданынан Тұралықовтар да — көпшілікке үлгі боларлық берекелі отбасы.
Сонымен қатар отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын лайықты жалғастыруға қосқан үлесі үшін «Ғалымдар отбасы» номинациясымен талдықорғандық Есенғабыловтар, «Қазыналы отбасы» аталамында текелілік Тұғылбаевтар, «Күміс шаңырақ отбасы» номинациясымен ақсулық Тастанбековтер, «Қоғамда белсенді отбасы» аталымы бойынша Панфилов ауданынан Батырбаевтар және «Іскер отбасы» номинациясымен Ескелді ауданынан Тайжановтар әулеті арнайы жүлделермен марапатталды.
Одан бөлек, қатысқан 30 отбасының бәріне алғыс хаттар беріліп, теледидар сыйға тартылды.


Жүлдегер отбасылардың пікірі…
Конкурс жеңімпазы атанған Алекеевтер отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты» атағына ие болып, отбасы күні қарсаңында қыркүйек айында Астана қаласында өтетін Республикалық марапаттауға қатысатын болады.


Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мәліметпен бөлісу: