Жетісуда 24 мыңнан астам бала жоспарлы екпе алды

Жетісу облысында қазіргі таңда 24 596 бала жоспарлы егумен қамтылған, атап айтқанда 48,4 пайыз. Ал қалған 51,6 пайыз екпе алмаған балалар. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда. Балалардың жартысынан астамының қорғаныссыз қалуы өңірдегі ұжымдық иммунитетке үлкен қауіп төндіріп отыр. Бүгінде балаларына жоспарлы екпе жасатудан бас тартатын ата-аналар да бар. Осы мәселеге байланысты өткен баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау мамандары ата-аналарды екпеден қорықпауға шақырды.
Иммунопрофилактика – вакцинация арқылы ағзаның жұқпалы ауруларға қарсы қорғаныс қабілетін қалыптастыру және қауіпті инфекциялардың таралуының алдын алу шаралары. Вакцина ағзаға аурудың әлсіретілген немесе белсенді емес бөлшектерін таныстырады. Соның нәтижесінде иммундық жүйе белгілі бір ауруды тудыратын инфекцияны алдын ала танып, оған қорғаныс қалыптастырады. Кейін адам нақты инфекциямен кездескенде, ағза оған тез қарсы тұрып, аурудың ауыр өтуіне жол бермейді.
Вакцина алмаған балаларда қызылша, көкжөтел, дифтерия, полиомиелит, сіреспе, пневмококк және басқа инфекциялар өте ауыр өтеді. Бұл аурулар өкпенің қабынуы, менингит, сал ауруы, есту немесе көру қабілетінің жоғалуы, мүгедектік, тіпті өлімге дейін әкелуі мүмкін. Мысалы, полиомиелит өмір бойғы сал ауруын қалдырса, қызылша энцефалит пен ауыр пневмонияға, ал адам папилломавирусы кейін жатыр мойны обырының дамуына себеп болады. Ал вакцина алған адамдарда инфекция жұққанның өзінде ауру көбіне жеңіл өтеді және асқыну қаупі бірнеше есе төмендейді.
Тарихқа көз жүгіртсек, адамзат тарихындағы ең қауіпті ауру шешек дәл осы жаппай вакцинациялау бағдарламасының арқасында толығымен жойылды. Одан бөлек, Қазақстан жаппай иммундаудың нәтижесінде 2002 жылдан бері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «полиомиелиттен азат ел» мәртебесін сақтап келеді. Осындай тарихи жетістіктер мен ұжымдық саулықты сақтау үшін вакцинациямен жоғары қамтуды қамтамасыз ету өте маңызды.
Бүгінде елімізде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексі мен тиісті нормативтік құжаттарға сәйкес, Ұлттық егу күнтізбесі бойынша балаларға перзентханадан бастап, мектеп жасына дейін және мектеп қабырғасында туберкулез, В гепатиті, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, гемофильді және пневмококк инфекциялары, қызылша, қызамық, паротит және адам папилломавирусы сияқты негізгі инфекцияларға қарсы вакциналар толығымен тегін жүргізіледі.

Мәліметпен бөлісу: