
Жетісу облысында 2026 жылғы вегетациялық кезең тұрақты режимде өтіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді суармалы сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасты. Биыл өңірде 146 мың гектардан астам егіс алқабы суарылып, 1,2 млрд текше метрден астам су пайдаланылды.
Жетісудағы суармалы жерлердің басым бөлігі тау өзендері арқылы қамтамасыз етіледі. Осыған байланысты су көлемі табиғи-климаттық жағдайларға тәуелді. Су тапшылығы байқалған жекелеген кезеңдерде су қайта бөлініп, каналдардағы су айналымы реттелді. Мәселен, Қаратал ауданында су деңгейінің төмендеуіне байланысты Көксу бөгетінен Қаратал өзеніне қосымша су жіберіліп, жағдай тұрақтандырылды.
Қазіргі таңда «Қазсушар» РМК Жетісу филиалы 183 мың гектардан астам суармалы жерге қызмет көрсетеді. Оның теңгерімінде 19 гидротехникалық нысан және 4,5 мың шақырымнан астам каналдар мен коллекторлық-дренаждық желілер бар.
Су ресурстарын пайдалануды бақылау бағытында да жұмыстар жүргізілді. Жыл басынан бері 76 тексеру жүргізіліп, заң бұзушылықтар бойынша 15,9 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Биыл су беру үдерісінің ашықтығын арттыру мақсатында электрондық келісімшарттар мен биллинг жүйесі толық енгізілді. Бұл су көлемін есепке алу мен бақылауды күшейтуге мүмкіндік берді.
2027 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық басталды. Келесі жылы «Қазсушар» РМК Жетісу филиалы 125 мың гектардан астам суармалы жерді қамтуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу, суды тиімді пайдалану және ауыспалы егіс талаптарын сақтау бойынша жұмыстар жалғасады.
